Соңғы екі күн бойы Сергеев су қоймасы арнасынан асып, тасқын су ауылдарға қарай жылжыды. Абырой болғанда, әзірге, ешбір үйге кірмеген. Бірақ, аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар 10-ға жуық жолды қызыл су шайып кетіп, трасса жабылған еді. Бүгін жағдай біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Себебі, Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарындағы шағын көлдерден келіп құйылатын судың деңгейі төмендеген.
Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:
– Дәл қазір басты назарды Тимирязев ауданына аударып отырмыз. Мұндағы Степное және Дзержинское селолары маңындағы көлдердің деңгейі көтеріліп жатыр. Тасқынды болдырмау мақсатында мамандар онда бөгеттер орнатты. Қажет болса суды соруға арналған арнайы құралдар қолданылатын болады.
Құтқарушылар Тимирязевпен қоса, Есіл ауданын да жіті бақылауға алған. Біртіндеп мұндағы өзен-көлдердің де деңгейі көтеріліп жатқан көрінеді.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Су тасқынын 2 категорияға бөлуге болады. Алғашқысы ол – еріген қар суы. Ол үйлерге кірмесі үшін алдын ала жұмыстар өткізілді. Көп қар шығарылды. Су құбырлары аршылды. Бөгеттер көтерілді.
Ал екінші қауіп Есіл өзінен төніп тұр. Шамамен 1 аптадан соң Ақмола облысынан судың алғашқы толқыны келеді. Алдын ала болжамға сәйкес, қызыл су өңірдегі 79 елді мекенге қауіп төндіріп тұр.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Соңғы күндері облыс тұрғындарынан: «2017 жылдың сценарийі тағы қайталанбай ма?» деген сұрақ жиі түсуде. Бүкіл талдау жасалды. 4 жыл бұрынғы жағдай қайталанбайды.
Ақмола облысынан бағыт алған судың алғашқы нөпірі жеткен соң, тура 10 күннен кейін келесі толқыны күтіледі. Құмар Ақсақалов бұл кезеңнен де сүрінбей өтетінімізді айтты. Көктемгі су тасқынына қатысты жағдай шамамен 3-4 аптадан кейін қалыпқа келмек.
Маржан Касымбек