Мәдениет

Петропавлда М.Ғабдуллиннің құрметіне арнап шығарылған кітаптар таныстырылды

“Қазақ баласы”, “Мен халықтың ұлымын”, “Жемісті жылдар”. Абылай хан резиденциясы музей кешенінде / Мәлік Ғабдуллиннің құрметіне арнап шығарылған кітаптар таныстырылды. Еңбектер / мұражайға / Көкшетау қаласынан арнайы жеткізіліп отыр.

 

Кеңес Одағының батыры, жазушы, қоғам қайраткері. Қазақтың біртуар ұлы Мәлік Ғабдуллиннің тарихымыз пен әдебиетімізде алатын орны ерекше. Көкше жерінде туған батыр атамыз орта мектепте білім нәрімен сусындап, Алматы қаласындағы Педагогикалық институтты бітірген. Өз еркімен 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Отты күндерді бастан-аяғына дейін өткереді. Соғысып қана қоймай, қан майданда қасықтай қаны қалғанша шайқасқан қазақ солдаттарының ерлігін қағаз бетіне түсіреді.

Мейрамгүл Жолаушина – М.Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері, Көкшетау қаласы:

– Елде жүрген Бауыржан Момышұлының зайыбы Жамалға жазған хаттарында, Сәбит Мұқановқа жазған хаттарында: «Мен “Қазақ баласы” деген көлемді шаруа бастадым. Егер соғыстан аман-есен келсем, оны кітап кылып шығарамын. Ал, келе алмасам, осында қалған жазушыларға азық болсын деп отырмын. Соғыс жайлы, қазақ солдаттарының ерліктерін тізбектеп жатырмын»,- дейді.

Бірақ, Мәлік Ғабдуллин соғыстан келгеннен соң, жаңағы айтылған туынды жарыққа шықпаған. Себебі, сол кезде төрде отырған төрелер кітапты орысшаға аудартыпты. Кейін: «Бұл жерде тек қазақ солдаттарының ерлігі жазылған, басқа ұлт өкілдері көрсетілмеген»,- деп еңбекті басылымға жібертпепті. Сөйтіп, құнды жазбалар бірнеше жылдап архивте шаң басып жатады. Қуанышымызға орай, былтыр туынды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрді. Бүгін асыл қазына «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде Петропавл жұртшылығына таныстырылып отыр.

Әсемгүл Қыдбекова – «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:

– Мұндай шаралар бізде бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатыр. Өйткені, біздің мұражай – тұлғалық мұражай. Сондықтан да тұлғалық музейлер арасында өзара келісім шартқа қол қойып отырмыз. Бізге осыдан 2 жыл бұрын Қостанай облысынан Ыбырай Алтынсарин мұражайынан кітаптар мен құнды жәдігерлер әкелінген болатын.

«Абылай хан резиденциясы» музей кешеніне «Қазақ баласы» кітабынан бөлек, тағы 2 туынды әкелінді. Олар: Мәлік Ғабдуллиннің «Мен халықтың ұлымын» атты эпистолярлық еңбегі мен жазушы музейінің 25 жылдығына арналған «Жемісті жылдар» атты кітабы.

 

Алтынай Қазиқан