Спорт

Муай-тайдан өткен жарыста теріскейліктер 6 медаль еншіледі

Теріскейлік муай-тайшылар Қазақстан кубогінен оралды.
Наурыздың 29-ы мен сәуірдің 3-і аралығында Алматы қаласында өткен жарысқа / 120-ға тарта жас қатысқан. Өңір спортшыларының көрсеткен нәтижесі көңіл қуантарлық. Облыс қоржыны / 5 алтын және 1 қола жүлдемен толықты.

 

Тартысқа толы жарыста өңір намысын 10 спортшы қорғады. Солардың бірі – Руслан Заякин. Теріскейлік додада 71 келі салмақ дәрежесінде
сәтті өнер көрсетті. Ол 3 бірдей бәсекелесін жеңіп, алтыннан алқа тағынды. Айта кетерлігі, жекпе-жек барысында білекті жігіт 2 бірдей қарсыласын сұлатып, ал тағы біреуінен ұпай сандары бойынша басым түскен.

Руслан Заякин – муай-тайдан Қазақстан кубогінің жеңімпазы:

– Қарсыластарым өте қарулы болды. Олармен бұған дейін де бірнеше рет күш сынасқан болатынмын. Барлығын жақсы білемін. Әрине, кездесулердің барлығы ойдағыдай өтті деп айта алмаймын. Қателіктер баршылық. Алдағы уақытта оларды түзеуге тырысамын.

Күш пен жігерді талап ететін спорт түрімен Розалино Величко да айналысады. Қазақстан кубогінде өжет қыз 57 келі салмақ дәрежесінде бақ сынапты. Көрсеткен нәтижесі көңіл қуантады. Ол өзінің 2 қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Айтуынша, бұндай жүлдеге додаға тыңғылықты дайындаған бапкерінің арқасында жетіп отыр.

Розалина Величко – муай-тайдан Қазақстан кубогінің жеңімпазы:

– Бір жылдық үзілістен кейін алғаш рет жарысқа шықтым. Соған қарамастан кездесулерім ойдағыдай өтті. Алғаш рет залға келген кезде бұндай жетістіктерге жетемін деп ойламаған да едім. Көп тер төктім, жаттықтырушыммен аянбай еңбек еттім. Міне, соның нәтижесін көріп отырмын. Енді келесі жарыстарға дайындалатын боламын.

Жалпы, жарыста солтүстікқазақстандық спортшылар 5 алтын және 1 қола медаль еншілепті. Топ жарғандар ел құрамасы сапына алынады. Яғни, үздіктердің тізіміне 5 бірдей жерлесіміз еніп отыр. Олар қыркүйек айында Ресейдің Қазан қаласында өтетін байрақты бәсекеде ел намысын қорғамақ. Татарстан жерінде ТМД мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен халықаралық ойындар ұйымдастырылмақ.

Иван Ван-Хон-Тун – муай-тайдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Шәкірттерім жүлде еншілеген Қазақстан кубогі наурыздың 29-ы мен сәуірдің 3-і аралығында Алматы қаласында өтті. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 120-ға тарта жас бақ сынады. Бәсекелестік жоғары болды. Соған қарамастан жастар жарады. Әрқайсысы алтын медальға лайықты өнер көрсетті.

Алматыдан Иван Ван-Хон-Тун да жүлдемен оралған. Оны жарыс ұйымдастырушылары “Үздік бапкер” аталымы бойынша үздік деп танып, ақшалай жүлдемен марапаттапты.

Алдияр Айтпаев