Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Бастау» жобасы бастау алмақ

Өз ісіңді ашуға қолайлы мүмкіндік! Сәуірдің 26-сы күні өңірде «Бастау» жобасына қатысушылардың биылдыққа алғашқы легін оқыту басталады.

Жоспар ауқымды. Жергілікті кәсіпкерлер палатасының өкілдері 18 бен 29 жас аралығындағы 750 солтүстікқазақстандықты бизнестің қыр-сырына үйретпек. Ниет еткен жандарды 4 лекпен оқыту жоспарланып отыр. Келесі дүйсенбіден қатысушыларды “Atameken” платформасына тіркеу жүргізіледі. Оған дейін әуелі Жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз екендіктерін дәлелдейтін арнайы қағаз алулары шарт. Ал курс аяқталған соң, тыңдаушылар өздері әзірлеген жобаны қорғайды. Егер еңбегі қазылар алқасының көңілінен шықса, 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болады. Сондай-ақ, 6 пайыздық жеңілдікпен шағын несие рәсімдей алады.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Бұл – ауқымды жоба. Әр ауданды қамтиды. Қатысушылардың денсаулығын сақтау мақсатында оқыту онлайн өткізіледі. Қатысушыларға бизнестің қыр-сырын үйренгендігі және өз жобасын қорғағандығын дәлелдейтін сертификаттар табыс етіледі.

Маржан Касымбек