2700 солтүстікқазақстандық толық вакциналаудан өтті

COVID-19: Қазақстан

11:03 13 Сәуір 2021

Өңірдегі иммундау шарасына қарқын қосылды. Қазір коронавирусқа қарсы препаратты аймақ бойынша 36 бекетте алуға болады. Сондай-ақ, елдімекендіктердің өтініші бойынша жылжымалы бригадалар да жұмыс істеуде. Ақхалаттылардың сөзінше, вакцина қабылдағандардың басым бөлігінде айтарлықтай шағым жоқ. Бастапқыда тек аздап дене температурасы көтеріліп, ине салған жердің сәл ауырсынуы сезіледі дейді. Бүгінге дейін облысымыздың 13 мыңға жуық тұрғыны “Спутник V”-дің бірінші компонентін алған. Ал 2700 жерлесіміз толық иммундаудан өтті.

Дастан Оразаев медицина саласында 2017-ден бері жұмыс істеуде. Соңғы 2 жыл бойы дәрігер жедел медициналық көмек орталығында қызмет етіп келеді. Ақ халаттының еңбек жолындағы ең қиын кез – соңғы 12 ай екен. Пандемия басталғалы мамандарға артылған жүк тіптен ауырлады. Себебі, әр шақыртуға шыққан сайын дәрігерлердің бойында коронавирусты жұқтырып аламын ба деген үрей болды. Сондықтан, еліміздегі вакциналау науқанына денсаулық сақтау саласының қызметкерлері ең бірінші болып қатысты.

Дастан Оразаев – облыстық жедел медициналық көмек орталығының дәрігері:


– Коронавирусқа қарсы вакцинаны наурыздың басында алдым. Вакцинация жақсы өтті. Жалпы, әлсіздік болды, инъекция қойылған орын ауырды. Температурам көтерілген жоқ. Айтарлықтай шағымдар болған жоқ.

Дастан Оразаев вакцинаның екінші компонентін де қабылдады. Бүгінде дәрігердің ағзасында коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасуда. Яғни, ақ халатты ковид-19-ды жұқтырғанның өзінде онымен күресу жеңіл болады.

Владимир Жужгов, облыстық жедел медициналық көмек орталығының дәрігері:


– Біздің орталықта 379 маман жұмыс істейді. Бүгінде 171-і вакцина алды. Тағы 56 қызметкер иммундау шарасына кезекте тұр. Ал 32 адамға медициналық себептер бойынша әлі екпе егуге болмайды. Жалпы, пандемия басталғалы жедел жәрдемнің 40-тан аса маманы коронавируспен ауырды. Сондықтан, өз бастарынан өткеннен кейін әрі күнделікті жұмыс барысында науқастарды көрген соң ешбір қызметкер вакцинадан бас тартып жатқан жоқ.

Коронавирусқа қарсы иммундау шарасы өңірдің өзге тұрғындары үшін де қолжетімді. Вакцина аламын деген кез келген азамат тұрғылықты мекен-жай бойынша емханаға барып, жолдама ала алады. Бүгінге дейін екпенің алғашқы компонентін 13 мыңға жуық солтүстікқазақстандық алыпты. Олардың ішінде 2700-і екінші дозасын да қабылдап, толық вакциналаудан өтті. Жалпы, аймақ бойынша иммундау шаруасы 36 бекетте жүргізілуде. Тағы елдімекендіктердің өтініші бойынша ауылдарды аралап, екпе егетін жылжымалы бригадалар да бар.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Өңірде “Ashyq” қосымшасы пилоттық режимде іске қосылды
Жазасын өтеушілерге вакцина қойылып жатыр
СҚО-да өткен тәулікте 41 адам коронавирус жұқтырды
Өңірде шектеу шаралары тағы да жеңілдетілді
Петропавлда қосымша 10-нан астам екпе егу пункті ашылды
Қазақстанда 42 мыңнан астам адам коронавирустан емделуде
Соңғы тәулікте 6 солтүстікқазақстандық коронавирус жұқтырды
“City Mall” сауда үйінде вакциналау пункті жұмыс істеп тұр
СҚО “жасыл” аймаққа өтті
Өткен тәулікте 16 солтүстікқазақстандық вирус жұқтырған
Облысқа “QazVac” вакцинасы жеткізілді
Университет қызметкерлері мен студенттер иммундау шарасынан өтуде