МТРА жаңалықтары

Жыл басынан карантин талабы қанша мәрте бұзылды

Бас санитар дәрігер бекіткен талаптардың орындалуы – қатаң бақылауда. Өңірде карантин басталғалы құрылған 23 мониторингілік топ жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мамандар 1300-ден аса рейд өткізген. Осылайша, 9 жарым мың нысанның жұмысы тексеріліпті. Бақылау барысында 433 бұзушылық анықталған.

Данияр Оспанов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Карантин мен шектеу талаптарын орындамаған, санитарлық ережелерді ұстанбаған азаматтарға биыл 464 әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 30 млн теңгеге жуықтайтын 430 айыппұл салынды. Оның екеуі – шенеунікке, төртеуі – заңды тұлғаға, он бесі – жеке кәсіпкер мен қалғаны жеке тұлғаларға рәсімделді. Ал 15 іс сотқа жіберілді.

Талапты бұзу бойынша көш басында – қарапайым ережені сақтамағандар, яғни қоғамдық орындарда маска кимеген тұрғындар. Екінші орында – сауда орталықтары мен азық-түлік дүкендері. Бірі сатып алушыларға маскасыз қызмет көрсетсе, супермаркеттер мұздатылған жеміс-жидектерді қаптамаға буып-түймегендері үшін әкімшілік жаза арқалаған. Теріс үштікті пандемияға қолдарын бір сілтеп, ақша жасау үшін той-томалақ өткізген дәмхана мен мейрамханалар тұйықтап тұр.

Александр Розбах – СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Жұмыс орнында маскасыз отырған 55 азаматқа айыппұл салынды. 3 адам үй карантинін бұзып, тағы 50 солтүстікқазақстандық туған-туыстарын аралаған. Сондай-ақ, шектеулерге қарамастан жұмыс істеген сауна мен моншаларға қатысты 6 әкімшілік іс қозғалды.

Өңір “сары” аймаққа қайта енгендіктен, мониторингілік топ жүргізетін рейдтерге қарқын қосылмақ.

 

 

Эльмира Садвокасова