Спорт

Жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан облыс чемпионаты өтуде

Жарысқа қатысушылардың бір бөлігі ортаға шығып, бақтарын сынап жатыр. Ал ақжарлық Рахат Расул дайындығын пысықтау үстінде. Ел біріншілігі мен халықаралық додаларға қатысып жүрген ауыратлетші бүгін өзінің жеке рекордын жақсартуға дәмелі. Бұған дейін жұлқа көтеруде – 91, ал серпе көтеруде 112 келі зіл темірді ырқына бағындырыпты.

Рахат Расул – жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы:

– Өзім облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатында оқимын. Бүгінгі жарыста Ақжар ауданының намысын қорғап, сынға түспекпін. Бұған дейін көптеген жарыстарға қатыстым. Әрине, додалардың барлығында лайықты қарсыластар болды. Бүгінгі балалар да мықты дер едім. Бірақ, мен оңайлықпен берілмей, жүлдеге таласамын.

Жалпы, облыс чемпионатына 90-нан аса ұл-қыз қатысуда. Спортшылардың ең кішісі 10 жаста болса, ең үлкені – 17-де. Барлығы зілтемірді жұлқа және серпе көтерулері қажет.

Юрий Фетюков – жарыстың бас төрешісі:

– Қос сайыстан кейін спортшылардың еңсерген салмақтарын қосып, ортақ ұпайларын шығарамыз. Осылайша жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтаймыз. Әзірге, спортшылардың аяқ-алыстары жаман емес.

Жарыс жүлдегерлері ертең анықталады. Үздік атанған спортшылар облыс құрамасы сапына алынады. Білекті жастар шілде айында Қостанай қаласында өтетін ел біріншілігінде өңір намысын қорғайды.

 

 

Алдияр Айтпаев