ТЖ

Құтқарушылар өзен-көлдерде рейд өткізуде

Қызылжар өңіріне көптен күткен нағыз көктем осыдан 1 апта бұрын келді. Қазір күн ақырындап жылып, айналадағы қар еріп жатыр. Наурыз айында өлкенің өзен-көлдеріндегі мұздың қалыңдығы шамамен 1 метр болыпты. Ал сәуірде екі есе жұқарған. Бұл уақытта балықшылар аса сақ болғандары жөн.

Құтқарушылар кезекті рейд барысында Есіл өзеніне қармақ салған жандарға ақпараттық қағаз таратып, сақтық шараларын баян етті. Бір жерге топтаспай бір-бірінен 10 метр алшақ отыруы қажет дейді. Сықырлап тұрған мұз үстіне шығарда шыбындай жанды шүберекке түйгенше балықсыз-ақ бірнеше күн жүре тұруға болар. Ауа райы тұрақталғанша. Бірақ, балық аулау десе, ішер асын жерге қоюға даяр жандар бұған құлақ асар ма екен дейді мамандар. Дегенмен, ескерту – парыз.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің жетекшісі:

– Мұз қалың болып көрінгенімен, ауыз толтырып айтарлықтай қатты емес. Егер бүгін жаңбыр жауып, ертең күн жылыса, жарылуы да мүмкін. Сондықтан, барынша мұқият болған дұрыс.

Мамандар күніне 4 рет өзен-көлдерді аралап, ондағы балықшылармен тілдеседі. Мұзға арнайы ескерту тақтасын да орнатады. Бір қызығы тақтайшаны жұлып алып, адам көрмейтін жерге лақтырып жіберетіндер де бар екен. Мұндай жандар осылайша тек өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қауіпке тігеді.
ТЖД мамандары рейдтен бөлек, облыс орталығындағы аялдамалардың жанына ақпараттық тақтайшалар орнатуда. Мектептерді де аралап, оқушыларға қазір өзен-көлдердің үстімен жүруге болмайтындығын айтуда.

 

 

 

 

Маржан Касымбек