Құқық қорғау органдары

Тайынша ауданында былтыр салынған спорт кешені жөндеуді талап етеді

Қабырғаларында сызат пайда болып, жарыла бастаған. Тайыншада былтыр ғана 480 млн теңгеге бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені жөндеу жұмыстарын талап етеді. Олқылықты ауданға жұмыс сапарымен барған Антикор орталығының мамандары анықтады.

«Антикор» орталығының мамандары ең алдымен Тайынша ауданындағы ең ірі серіктестікке барды. Мұнда 500-ге жуық адам еңбек етеді. Олар мынадай арнайы қондырғылардың көмегімен биоэтанол, крахмал мен желімтек өндіреді. Жұмыс барысының басым бөлігі автоматты түрде атқарылады. Қызметкерлердің міндеті тек – техниканы қосу және бақылау. Былтыр сорғы станциясы да салыныпты. Ол үшін «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған.

Алмас Қалмұрзин – «BioOperations» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:


– Сорғы станциясын биыл іске қосқан болатынбыз. Қосу үшін Леонидовка селосы маңынан 5 ұңғыма қазып, құбыр тарттық. Тіршілік нәрі бізге биоэталон өндіру кезінде аса қажет. Аудан орталығының тұрғындарын да таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырмыз.

Былтыр аудан орталығында көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Мамыр айында бастау алған шаруа желтоқсанда аяқталды. Нысанның бірінші қабатында ұзындығы – 30, ал ені 18 метрді құрайтын спорттық зал орналасқан. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол алаңдары бар. Ал екінші қабатында келушілер фитнеспен айналыса алады.

Ержан Жұмабаев – Тайынша ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:


–  Нысанның жұмыс уақыты таңғы 8 бен кешкі 10-ның аралығын құрайды. Кешенге мектеп оқушыларынан бастап егде жастағы тұрғындарға дейін келіп, спортпен айналысады. Жалпы, ғимаратты салуға облыстық бюджеттен 480 млн теңге бөлінген болатын. Шаруаны жергілікті “Байсын-А” серіктестігі атқарды.

Енді мәселеге тоқталамыз. 4 ай бұрын қолданысқа берілген нысанның қабырғаларында сызықтар пайда болып, жарыла бастаған. Одан басқа да олқылықтар жетерлік.

Ержан Жұмабаев – Тайынша ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:


– Соңғы уақытта осындай кемшіліктер орын алып жатыр. Бұл жайлы нысанды салған мердігерге айтып, ескерту жасалды. Жауапты тұлға “Алдағы уақытта олқылықтардың орнын өз қаражатымыздың есебінен толтыратын боламыз”,- деп уәдесін берді.

Алайда, жөндеу жұмыстарының нақты қашан бастау алатындығы әлі белгісіз. Өткен жылдың қыркүйек айында Тайыншада «Ашық әкімдік» орталығы да өз жұмысын бастаған болатын. Мұнда мемлекеттік қызметтің 86 түрі көрсетіледі. Оның басым бөлігі, яғни, 75 пайызы карантинге байланысты электронды түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, аудан әкімі де халыққа жақын. Руслан Аңбаев жергілікті тұрғындармен онлайн форматта ұдайы тілдесіп тұратын көрінеді.

Динара Рахымжанова – Тайынша ауданы әкімі аппаратының бас маманы:


– Былтыр тұрғындар тарапынан 12 мың өтінім келіп түсті. Ал жыл басынан бері мамандарға 2 мың адам жүгінді. Жерлестеріміздің басым бөлігі білім, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына қатысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауап пен кейбірі өздеріне қажет тиісті құжаттарын алды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаментінің өкілдері аудандағы орталық кітапханаға да барды. Мұнда наурыздың 16-сы күні «Парасат жолы» кабинеті ашылған болатын. Жастар осында аптасына бірнеше рет жиын өткізіп, бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алуға қатысты өз ойларын ортаға салады.

 Маржан Касымбек