Солтүстікқазақстандықтардың қос мақтанышы! Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов “Барс” баскетбол және “Қуаныш” волейбол клубтарымен кездесу өткізді.
Қарапайым мектеп секциясынан еліміздегі мықты командалардың біріне дейін. «Қуаныш» волейбол клубының жетістік жолын қысқаша дәл осылай сипаттауға болады. Құрама 12 жыл бұрын Тимирязев ауданындағы білім ошағында құрылыпты. Аудандық, облыстық жарыстарда топ жарған спортшы қыздар бүгінде кәсіби волейболшыларға айналды. Сөзімізге команданың Ұлттық Лигада көрсеткен өнері дәлел.
Волейболдан өткен ел біріншілігінде солтүстікқазақстандық қыздар 3-ші орынды иеленді. Бұл – “Қуаныш” клубының тарихындағы ең үздік жетістік. Жеңіс тұғырынан көріну әсте оңай болмаған. Әсіресе, плей-офф кезеңіндегі ойындар жерлестерімізге қиынға соғыпты. Алдымен құрама көшбасшы «Жетісу» командасымен екі матч өткізіп, кейін “Алматы”-мен кездескен.
Сабира Бекишева – «Қуаныш» ВК ойыншысы:
– “Алматы” құрамасын жеңу біз үшін өте маңызды болды. Өткен жылы дәл осы командаға плей-офф кезеңінде жеңіліп, 4-ші орынға табан тіреген едік. Биыл финалды тағатсыздана күттік. “Алматы”-мен өте ауыр екі кездесу болды. Бірінші күні бар күшімізді сарп етіп, қарсыластарымызды ұттық. Екінші кездесуге физикалық тұрғыдан толық қалыпқа келіп үлгермедік. Алғашқы партияда жолымыз болмады, бірақ тез жиналып, жеңісті жұлып алдық.
3-ші орынмен қыздар шектеліп қалмақ емес. Жылма-жыл тәжірибе мен шеберлік артуда, сәйкесінше меже де өспек. Өңірдегі баскетбол тарихында да бұрын-соңды болмаған оқиға. Жергілікті «Bars» клубы алғаш рет ел біріншілігінің жеңімпазы атанды. Мақтанарлығы сол – жүлде тек солтүстікқазақстандық жігіттерге тиесілі. Екінші жыл қатарынан құрама легионерлерсіз өнер көрсетуде.
Артём Козыркин – “Bars” БК капитаны:
– Біз бір команда ойыншылары ғана емес, нағыз отбасы мүшелеріне айналдық. Себебі, жарыс пен жаттығулардан бөлек, спорттан бос уақытымызда жиі бас қосамыз. Туған күндерді бірге атап өтеміз. Достығымызды ойын кезінде де аңғаруға болады. Бір-бірімізді артық сөзсіз түсінеміз.
Биік белесті бағындырудың кілті де осында, ұйымшылдықта дейді капитан Артем Козыркин. Жалпы жоғарғы лига барысында «Bars» 24 кездесу өткізіп, 21-інде жеңіске жеткен. Көз қуантарлық көрсеткішке қол жеткізгеннен кейін, команда ойыншыларына өзге құрамалар қызығушылық таныта бастаған. Бүгінде жерлес 3 бірдей мықты баскетболшыға өзге клубтардан ұсыныс түсіпті.
Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:
– Бүгінде өңірде спортқа ден қойған жандардың саны артуда. Бұқаралық спортты одан әрі дамытудағы сіздердің орындарыңыз – ерек. Өсіп келе жатқан жас буын сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бізге сыйлаған эмоция үшін қос солтүстікқазақстандық командаға алғыс айтып, жеңістеріңіз жеңіске ұлассын дегім келеді.
Күнделікті жаттығулар мен жарыстар легі, әзірге, бітті. Солтүстікқазақстандықтардың қос мақтанышы – “Қуаныш” пен “Bars” енді демалысқа аттанбақ. Ал 3 айдан кейін спортшылар жаңа күшпен жаңа белестерді бағындыруға дайындалады.
Эльмира Садвокасова