Үкімет отырысында қабылданған облысты дамытудың кешенді жоспары / көптеген маңызды салаларды қамтиды. Теріскейге бағытталатын қаржы аясында өңірде / ғылым мен білім, өндіріс дамып, аймақтың экономикасы біршама ілгері жылжымақ. Осыған орай біз түрлі сала мамандарымен жүздесіп, олардың пікірлерін біліп қайттық.
Экономика ғылымдарының докторы Анатолий Башмаков кешенді жоспарды бір жағынан модернизациялау бағдарламасы дейді. Себебі, аталған бастама аясында өңірде көптеген заманауи нысандар көтеріліп, озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған аурухана, оқу орындары пайда болады. Осылайша Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ең дамыған аймақтардың қатарына енеді. Бұл өңірге шетелдік инвесторларды тартуға да септеспек.
Анатолий Башмаков – экономика ғылымдарының докторы, СҚО құрметті азаматы:
– Басты назар өңірдің экономикалық дамуына аударылып отыр. Бизнеске қолдау көрсетіледі. Бұл халықтың рухани және мәдени тұрғыда дамуына да әсер етеді. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Адамдар тұрақты еңбекпен қамтылады. Облыста дәрі-дәрмек өндіретін зауыттың тұрғызылуы да үлкен жетістік болады біз үшін.
Бюджеттен бөлінетін қаржының 35 пайызы білім мен денсаулық сақтау саласына бағытталады. Жеке инвесторлар да бұған өз үлестерін қосады. Мәселен, алдағы уақытта жергілікті М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да академиялық артықшылық орталығы ашылып, студенттер үшін заманауи жатақханалар тұрғызылады. Сонымен қатар, Назарбаев университеті үлгісіндегі оқу ордасы бой көтермек. Тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева бұл облыстың демографиялық дамуына серпін беріп, білімді жастардың қатарын арттыра түсетіндігін айтады.
Ақмарал Ыбыраева – М.Қозыбаев атындағы СҚУ ғылым және инновациялар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:
– Білімді ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі күні маңызды мәселелердің бірі. Себебі, елдің дамуында жастардың қосатын рөлі рөлі ерекше. Олар жан-жақты оқыған, білімді болулары керек. Сондықтан, осындай оқу орнының өңірде ашылуы – үлкен жаңалық.
Иә, аймақта білім саласын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Биылдың өзінде облыстағы 9 колледж «Жас маман» жобасы аясында жаңа технологиялармен жабдықталады. Бұл өзгерістердің барлығы өңірімізге білімді жастарды тартып, білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жастардың шет елдерге кетуін тежейді.
Бердимурат Баймухан