Сәуірдің 2-сі – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні

Балалар, Денсаулық сақтау

20:38 2 Сәуір 2021

Сәуірдің 2-сі – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Статистикаға сүйенсек, бұл дерт балалар арасында жиі кездеседі. Біздің өңірімізде 400 адам туабітті ауруға шалдыққан, оның дені – 3 пен 6 жас аралығындағы ұл-қыздар. Бүгінде облысымызда ерекше күтімді қажет ететін балғындарға арналған бірнеше коррекциялық кабинет пен арнайы ұйым жұмыс істейді.

4 жарым жастағы Богдан “Асыл Мирас” орталығына өткен жылдың қыркүйегінен бері келіп жүр. Балғынның бойында аутизм дертінің белгілері алғаш 2018 жылы байқалыпты. Анасы Кристина Клопованың айтуынша, ұлының тілі біразға дейін шықпаған. Оның үстіне күннен-күнге өзін жайсыз сезініп, жылай берген. Сол сәтте әке-шеше перзенттеріне не болғанын түсінбей, әбден әбігерге салынған екен.

Кристина Клопова:

 

– Емханаға барған кезде дәрігерлер балама аутизм диагнозын қойды. Не істерімізді білмей қалдық. Кейін қол қусырып отыруға болмайтындығын түсіндік. Туыстарым баламды “Асыл Мирас” орталығына алып баруды ұсынды. Мұндағы мамандар жылы қарсы алды. Олар Богданға диагностика жасап, сабақтар қандай бағыт бойынша өткізілетіндігі белгіленді.

Богдан биыл сауықтыру сабақтарының екінші курсына қатысып жүр. «Нәтиже көңіл қуантады»,- дейді бауыр еті баласын күні-түні ойлайтын Кристина Клопова.

Кристина Клопова:

 

– Богданның сөйлеу дағдысы қалыптаса бастады. Бұрын бірде бір әріпті айта алмайтын. Қазір балама бірдеңе керек болса, бізге қарап, «берші» деп сұрайды. Жақында «банан», «ананас» сөздерін де үйреніп алды. Бұл сөздерді естіген кезде көзіме еріксіз жас келді. Бәрі жақсы болатынына сенімдімін.

Орталықта Богданнан бөлек, тағы 80-нен астам ерекше балаға көмек көрсетіледі. Сауықтыру сабақтарының қазіргі курсы аяқталған соң, тағы 154 баланы қабылдау жоспарланып отыр.

Назгүл Тортулова – “Асыл Мирас” аутизм орталығының жетекшісі:

 

– 78 бала – Петропавл тұрғыны. Қалғаны ауданнан арнайы келіп көмек алады. 3 ай барысында әр балаға 36 сағат беріледі. Балғындар аптасына 3 рет келеді. Біз жаңа туылған сәбиден бастап, 18 жасқа дейінгі балаларға сабақ береміз.

Назгүл Тортулованың айтуынша, ауытқу диагнозы қаншалықты ерте анықталса, баланың түзеліп кетуге деген мүмкіндігі де соншалықты арта түседі.

Назгүл Тортулова – “Асыл Мирас” аутизм орталығының жетекшісі:

 

– «Бізде ерте даму» бағдарламасы бар. Өздеріңіз білетіндей аутизм диагнозы 3 жастан бастан қана қойылады. Осы 3 жасқа дейінгі балғындар осы программаға қатысады. Олар ата-аналары және мамандармен топтық жұмыстарға қатысады.

Ерекше балалармен мұнда 20-ға жуық маман сабақ өткізеді. Олар келушілердің әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істейді. Бұл мекемені облыс әкімдігі мен Болат Өтемұратов қоры бірлесе ашқан болатын. Қазір таңда өңір аумағында бұдан бөлек, тағы 16 түзету кабинеті бар.

Валентина Черных, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

 

– Өңірде 5 инклюзиялық қолдау кабинеті де жұмыс істеуде. Оның 2-еуі – қалада, ал қалғандары аудандарда орналасқан. Алдағы күндері Петропавлдағы №27-ші мектеп базасында аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған кабинет жұмысын бастамақ.

Бүгінде өңір аумағында ерекше білім беруді қажет ететін 4 мыңнан астам бала бар. Олардың 400-і аутизмге шалдыққан.

Маржан Касымбек

 

Бұдан әрі оқыңыз

2021 жыл – Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы
Оқушылар 4-ші тоқсанда қалай оқиды
Петропавлда жаңа бөбекжай-бақша жұмысын бастады
Елімізде вакцина сатып алу көлемі ұлғайды
СҚО-да мұғалімдерді вакциналау жалғасуда
Сәуірде 2 млн-нан астам қазақстандық иммундау шарасынан өтеді
Әлеуметтік-медициналық сараптама жүргізу жұмыстарына өзгерістер енгізілді
Сәуірдің 16-сына дейін өңірге 18 мың доза вакцина жеткізіледі
Жас оқырмандар балалар жазушысымен кездесті
Коронавирустан айыққан қария ауруханаға сыйлық жасады
“Аттракцондар әлемінің” әткеншектері тексерілуде
Жергілікті жазушы Оксана Ефремова оқырмандарымен онлайн жүздесті