Әр түрлі

Темекі өнімдері міндетті түрде таңбалануы тиіс

Өткен жылдың қазан айынан / елімізде темекіні таңбалау үрдісі басталған болатын. Ал бүгіннен бастап цифрлық таңбалау барлық темекі өнімдері үшін міндетті болып отыр. Мақсат – нарықтағы мөлдірлікті қамтамасыз етіп, көлеңкелі экономикамен күресу.

Былтыр Қазақстандағы темекі өнімдерінің айналымы 600 млрд теңгеден асты. Алайда, мамандар елімізде шылымның заңсыз түрде сатылатынын да айтып отыр. Тиісінше, оны әзірлеп, сатып жүрген жандар ел қазынасына салық төлемейді. Заңсыз саудаға қарсы елімізде өткен жылдың қазан айында темекі өнімдерін міндетті таңбалау үрдісі бастау алды.

Дәурен Шалабаев – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы

– Темекі өндірушілер мен импортерлер шылымның әрбір қорабына “Data Matrix” деп аталатын код енгізулері қажет. Кодта өндіруші, сериялық нөмір сынды ақпар енгізілген. Сатушылар тауарды сатқан кезде жаңағы кодты сканерлейді. Кейін “Қазақтелеком”-ның ақпараттық жүйесіне түсіп, айналымнан шығарылады.

Мұндай код темекінің әрбір қаптамасына қойылады. Әрбіреуі – индивидуалды, яғни қайталанбайды. Жалпы, өткен жылдың қазанынан бастап елімізде тек темекінің өзі таңбалануы тиіс еді, ал бүгіннен бастап темекі өнімдері мен оны алмастырғыштардың барлық түрлері үшін цифрлық таңбалау міндетті болып табылады.

Дәурен Шалабаев – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы

– Әзірге, сауда нүктелерінде таңбаланбаған шылым қалдықтарын саудалауға рұқсат етілген. Тек қазанның 1-іне дейін. Одан кейін тек таңбаланған темекі өнімдері сатылуы тиіс. Талапты ескермегендер заң бойынша жауапқа тартылып, 500 мың теңге мен 1,5 млн теңге аралығында айыппұл арқалауы мүмкін.

Темекі өнімдерін таңбалауға қатысты толық ақпаратты www.ismet.kz сайтына кіріп білуге болады. Айта кетейік, келесі жылы елімізде алкоголь өнімдері де таңбаланады деп көзделген.

Жанна Бисенова