Денсаулық сақтау

СҚО-да 10 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдыққан

Қаңтар айында дәрі-дәрмексіз қалған. Сәуірде ем-дом шаралары жалғаса ма, жоқ па – белгісіз. Осындай шағыммен арнамызға облыстық онкологиялық орталықтың пациенті жүгінді. 45 жастағы нәзікжанды қатерлі ісікпен 3 жылға жуық күресіп келеді.

Елді пандемия әлекке салғалы бар көңіл коронавируспен күресуге ауғаны рас. Осы ретте қауіпті індеттен бұрын пайда болған аурулардың назардан тыс қалғаны да жасырын емес. Мәселен, адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін – онкологиялық ауруларды ерекше атап өту керек. Себебі, үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бүгінге дейін өңірде 400-ге жуық адам аталған дертке шалдыққан. Науқастарға дәрі-дәрмектердің бірқатары мемлекет есебінен тегін беріледі. Бірақ, оның өзі кейде кідірістеп қалуы мүмкін.

Маргарита – қала тұрғыны:

–  Мен 2019 жылдан бері «Китруда» деген препаратты қабылдап келемін. Осыған дейін дәріні еш қиындықсыз алып жүрдім. Алайда, биыл қажетті препараттың жеткізілуінде түсініксіз мәселелер пайда бола бастады. Қаңтар айында мүлдем дәрісіз қалдым. Ақ халаттыларға барып едім, сәуірде де ем-дом шараларын қабылдамайтынымды айтты. Мәселенің шешімін сұрасам, барлығы бір-біріне сілтейді.

Шынында да, адам өмірі шүберекке түйілгенде жанын қоярға жер таба алмай шырылдайтыны рас. Қажетті дәрі-дәрмек неліктен уақытылы берілмейді? Бұған не себеп? Бұл сауалдарды облыстық онкологиялық орталығы директорының міндетін атқарушы Олег Дудякқа қойдық.

Олег Дудяк – облыстық онкологиялық орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Қазір медицина қызметтері қымбаттады. Сәйкесінше, препараттардың бағасы да біршама өсті. Мәселен, «Китруда» деген дәрінің бір флаконы 1,5 млн теңге тұрады. 1 курс үшін 2 флакон қажет. Пациент 1 жылда 17 курс қабылдауы керек. Сонда жылына 51 млн теңге қаржы кетеді. Дәрілерге келетін болсақ, біз оларды өзіміз алмаймыз. Препараттар арнайы қор тиісті қаражатты «СК-Фармацияға» жібергеннен кейін ғана бізге келіп түседі. Барлығы сол қаражат мәселесіне келіп тіреліп отыр.

Олег Дудяктың сөзінше, пациенттер препаратсыз қалмайды. Ол үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалмақ. Тек қана сабыр сақтап, күту керек дейді. Сөз соңында қолда бар ақпармен бөліссек, облыс аумағында 10 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдыққан.

 

Алтынай Қазиқан