МТРА жаңалықтарыБизнес және экономика

Өңір тұрғындары облысты дамытудың кешенді жоспарына қатысты пікір білдірді

Бастамаға қолдау. Күні кеше қабылданған өңірді дамытудың кешенді жоспарын бірлесіп жүзеге асыру қажет дейді жергілікті кәсіпкерлер. Мәселен, “Радуга” серіктестігіндегілер алдағы жылдары бірнеше маңызды жоспарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын директоры Дмитрий Шарапаев жылыжай мен қос өндіріс зауытын ашқымыз келеді дейді.

Кешенді жоспарға сәйкес аймағымызда агроөнеркәсіп пен өндіріс саласына серпін беріледі. Бизнеске қолдау көрсетіледі. Мәселен, алдағы уақытта облыста 52 сүт фермасы ашылып, 2 құс фабрикасы салынады. Осы орайда жергілікті кәсіпкерлер де жаңа бастама жайлы өз пікірлерін айтып, қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. «Радуга» серіктестігінің директоры Дмитрий Шарапаев болашақта бірнеше жобаны қолға алғым келеді дейді.

Дмитрий Шарапаев – «Радуга» ЖШС бас директоры:

– Біз алдағы уақытта 3 ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Алдымен аумағы 4 гектарды құрайтын жылыжай тұрғызамыз. Ол жоғары инновациялы, заманауи үлгіде салынатын болады. Одан бөлек, санитарлық-гигиеналық қағаз шығаратын зауыт пен металл ыдыс жасайтын зауыт тұрғызғымыз келеді. Мұның барлығын алдағы 2 жылда жүзеге асыруымыз тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысына бөлінетін 1,8 трлн теңге аймақ тарихындағы рекордтық сома дейді Құдайберген Қалиев. Себебі, бұрын-соңды өңірімізге осынша көлемдегі қаражат бағытталмаған екен. Бұл соңғы 4 жылдан бері атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесі дейді еңбек ардагері. Өйткені, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов осында келгеннен бері өңірді дамыту жоспарын жоғары деңгейде үнемі көтерген. Сондай-ақ, ірі жобаларды қолға алып, елеулі іс атқарды. Жаңа бастама жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, инфрақұрылым дамиды. Енді жергілікті атқамінерлерге бөлінетін қаржыны мақсатты пайдалану қажет дейді Құдайберген Қалиев.

Құдайберген Қалиев – СҚО құрметті азаматы, еңбек ардагері:

–  Ең ақырғы мәселе, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану керек, оны дұрыстап игеру керек. Ат басында жүрген азаматтардан сұрайтыным, осы бастамаға үлестерін қосып, өздерінің ұйымдастырушылық таланттарын көрсетулері тиіс.

Кешенді жоспарда белгіленгендей бөлінетін қаражат маңызды салаларға бағытталады. Олар: аграрлық өнеркәсіп, білім саласы, денсаулық сақтау, туризм мен спорт және өндіріс салалары. Бұдан бөлек өңір жолдарының басым бөлігі қалыпқа келтіріледі.

Эльмира Садвокасова