Білім

СҚО-да мұғалімдер арасында олимпиада өтуде

Бақ шаба ма, бап шаба ма? Өңірде мұғалімдер арасында пәнаралық олимпиада өтуде. Бүгінде оған 150-ге жуық ұстаз қатысып жатыр. Барлығы – 8 пәннен бақ сынасады. Білім додасына қатысушылардың жұмысын білім басқармасының мамандары мен жергілікті университеттің ұстаздары бағалайды.

Пәнаралық олимпиада. Әдетте, бұл сөздерді естігенде көз алдымызға оқушылардың қолдарына қалам алып, сынақ тапсырып отырғандары елестейді. Алайда, бүгін ұл-қыздар емес, сол жандарды оқытатын ұлағатты ұстаздар өзара бақ сынасуда. Әсемгүл Шаимова физика және информатика пәндерінен сабақ береді. 17 жылдық еңбек өтілі бар нәзікжанды аудандық білім сайысында үздік атаныпты. Сол себепті, бүгін облыстық олимпиадаға қатысуға Уәлиханов ауданынан арнайы келіп отыр. «Өңірлік деңгейдегі білім додасына алғаш рет қатысып отырғандықтан, аздап қобалжу бар»,- дейді жерлесіміз.

Әсемгүл Шаимова – Кішкенекөл №2 ішінара орта мектебі физика-информатика пәні мұғалімі, Уәлиханов ауданы:

– Мұғалім жан-жақты болу керек. Және өзін-өзі дамытып отырғаны жөн. Сондықтан, осындай іс-шараларға міндетті түрде қатысу керек.  Физика пәнінен бізде 4 сұрақ. Оның ішінде теориялық, эксперименттік есептер бар.

Мұғалімдер арасындағы олимпиаданың облыстық кезеңіне 150-ге жуық ұстаз қатысуда. Оның 8-і – Петропавл қаласынан, ал қалғаны – ауылдық мектептердің мұғалімдері. Жалпы, ұлағатты жандар 8 пән бойынша бақ сынасады. Әрқайсысына 2 жарым сағат уақыт беріледі. «Мұндай сайыстар мұғалімдердің кәсіби шеберлігін кеңейтуге септеседі»,- дейді мамандар.

Әлмұрат Бектеміров – Әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Мұғалімнің кәсіби шеберлігі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым оқушылардың да білімі жоғары болары сөзсіз. Сондықтан, осындай олимпиадалар, конкурстар өңірде жыл сайын дәстүрлі өткізіліп тұрады.

Жалпы, мұғалімдер арасындағы олимпиада наурыздың 31-іне дейін жалғасады. Байқау соңында жеңімпаздар алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталатын болады.

Алтынай Казиканова