Көлік және жолдар

Өңірдің жол саласында кадр тапшы

Өңірдің жол саласында кадр тапшы. Құрылыс инженері, механизатор немесе зертханашы болып жұмыс істеуге жастар жағы қызығушылық таныта қоймайды дейді мамандар. Осы орайда Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жергілікті филиалы  биыл  алғаш рет аталған бағытта 20-ға жуық студентті  колледжерде өз есебінен оқытуды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қадам жол саласындағы кадр мәселесін шешуге септеспек.

Солтүстік Қазақстан облысында жол салу және оны жөндеумен айналысатын 60-тан астам мердігер бар. Бұл тек ірілері ғана. Оның әрқайсысына кем дегенде 5 маманнан жетіспейді. Әсіресе, асфальт төсеушілерге деген сұраныс жоғары. Себебі, қазір қолданылатын шетелдік заманауи техниканы басқару кез келген адамның қолынан келе бермейді дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жергілікті филиалының директоры Жолдыбай Тентеков.

Жолдыбай Тентеков – “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” РМК СҚОФ директоры:

 

– Асфальт төсеуші болып еңбек ету үшін орта білім жеткіліксіз. Бұл құрылыс инженері, инженер-сметашы, механизатор сынды мамандықтарға да қатысты. Бізде мұндай тар бейінді кадрлар аз, сондықтан білікті мамандарды өзге өңірлерден және Ресей мен Армениядан тартуға мәжбүрміз.

Өңірде жол саласының мамандықтары 2 колледжде оқытылады. Бірақ, бір әттегені, қолына диплом алған жастардың осы салада жұмыс істейтіндері некен-саяқ. Жалақысы аз емес, шамамен 200-300 мың теңгені құрайды. Мәселе – жас мамандардың қолдың күшін талап ететін салада еңбек етуге құлшыныстарының жоқтығында.

Кадр тапшылығы мәселесін шешуге Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы өз тарапынан үлес қосуға тырысуда. Жыл сайын студенттерді тәжірибеден өтуге шақырады. Тегін білім береді әрі келгені үшін қолына ақша ұстатады. Айына 85 мың теңгеден береді. Ал тәжірибеден өту мерзімі 6 айға дейін жалғасады. Өткен жылы практикаға 3 жас қабылданыпты. 2-уі – жергілікті, біреуі – алматылық. Олар филиалдың зертханасында жолдың сынамасына зерттеу жүргізудің қыр-сырын меңгерген.

Жолдыбай Тентеков – “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” РМК СҚОФ директоры:

 

– Негізі, жол саласына қажет мамандықтар Петропавл құрылыс-экономикалық және гуманитарлық-техникалық колледждерінде оқытылады. Дегенмен, бұл бағытта біліп алып жатқан студенттердің саны аз. Осы орайда қазір біз мектеп оқушыларымен кездесіп, бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізудеміз. Одан бөлек, ашық есік күндерін де өткізіп тұрамыз.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы биыл алғаш рет жол саласына қатысты мамандықты таңдаған талапкерлерді колледждерде өз есебінен оқытуды көздеп отыр. Бұл мүмкіндікке грантқа қол жеткізе алмай қалған және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 20-ға жуық жас ие болмақ.

Жанна Бисенова