Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің даму барысы талқыланды

Өткен жылдың қаңтар мен ақпан айларында өңірімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 20 млрд теңгеден асқан болатын. Биыл бұл көрсеткіш 3 пайызға кеміген. Бірақ, аймақта ет, сүт пен жұмыртқа өндірісінің көлемі артыпты. Есесіне, құс саны біршама азайған. Бұған былтыр тіркелген құс тұмауы себеп болды.

Әрсен Қазбеков – СҚО экономика басқармасының басшысы:

 – Өнеркәсіп секторында 48,5 млрд теңгенің өнімін шығару қамтамасыз етілген. Барлық ауданда оң динамика байқалады. Қазір өндіріс көлемі 33,2 млрд теңгені құрап, 12%-ға өсіп отыр. Ең жоғары көрсеткіш Есіл, Тайынша, Тимирязев аудандарында тіркелді.

Инвестиция тартуда да прогресс байқалады. 2 айдың ішінде кәсіпкерлер өңірге 23 млрд теңгеден аса қаржы құйған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 12 пайызға көп. Өңір басшысы тіркелген көрсеткішті жыл соңына дейін 30 пайызға арттыру қажеттігін айтты. Тағы бір маңызды жоспар – машина жасау саласындағы тапсырыс көлемін 55 млрд теңгеге жеткізу. Айта кетерлігі, өлкеде өндірілетін тауарлардың көбісін мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар ғана пайдаланады екен. “Дүниелерді қарапайым халық та сатып ала алатындай ету керек”,- дейді Құмар Ақсақалов. Киров атындағы зауытты мысалға алайық. Қазіргі күні қазақстандықтар аталған өндіріс орнында жиналатын «ЗИК» маркалы компьютер, ноутбук пен планшеттерді танымал интернет дүкендер арқылы сатып алуда.

Амангелді Арғымбаев – «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ бас директоры:

– Қазіргі күні сатылым өте белсенді жүріп жатыр. Тауарларымыз “Каспий.кз” пен “Форте маркетте” саудалануда. Сонымен қатар, басқа да аймақтардағы дистрибьютерлермен, кәсіпкерлермен келісім шарт жасасудамыз. 1 айдың ішінде 250-ге жуық техника саттық.

Аймақта баспанаға деген сұраныс жоғары. Осы ретте үй құрылысының қарқыны өскен. 2 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 18,8 пайызға ұлғайыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазіргі күні біз әр компаниямен уақытылы және сапалы құрылыс жүргізу мәселесін талқылап жатырмыз. Жергілікті құрылыс компанияларының бір жылдық айналымы 5-6 млрд теңгеге өсті. Бұл деген бір ауданның жылдық бюджетіне тең келеді. Бізде әлі күнге дейін бюджеттік құрылыстың үлесі мол. Енді коммерциялық бағытта баспана тұрғызуға көп көңіл бөлген жөн.

Отырыс барысында артта қалған 2 айдағы өңір бюджетінің шығыс-кірістері туралы да сөз қозғалды.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан