СпортҚоғам

Наурыз мейрамы қарсаңындағы игі іс

Жүрегі мейірімге толы жандар ең алдымен Виталий Косимовтың үйіне келіп, азық-түлік толы дорба табыс етті. Жерлесіміз екі ұлын жалғыз тәрбиелеп отыр екен. Үлкені мектепте оқыса, кішісі – үйде. Туа біткен аутизм дертіне шалдыққан бала ерекше күтімді қажет етеді. Қамқор әке оған күнұзаққа күтім жасайды. Ал кешке ас-суға қажетті ақша табу үшін тынбай тер төгеді.

Виталий Косимов – қала тұрғыны:

– Әрине, екі балаға өзің жалғыз тәрбие беру оңай емес. Қазір үлкен ұлым үй шаруасына араласып жүр. Біраз істі өзі атқарып, менің күнделікті жұмыстарымды жеңілдетеді. Ал көмек көрсетіп жатқан жандарға ризашылығымды білдіремін.

Ұн, күріш, сүйықмай мен тәттілер. Азық-түлік салынған дорба қала тұрғыны Любовь Барановаға да табыс етілді. 4 баланы дүниеге әкеліп, өсіріп-өндірген нәзікжанды тағы бір қызды балалар үйінен асырап алып, бауырына басыпты. Өкініштісі, қартайған шағында туған балалары басқа қалаға көшіп кетіп, өте сирек хабарласатын болған. Қиын шақта қарттың жанында жаңағы қыз ғана қалыпты.

Любовь Баранова – қала тұрғыны:

– Қазіргі таңда немере-шөберелерім бар. Бірақ, балаларым ер жетіп, әрқайсысы әр жақта қызмет етіп жүр. Сирек көрісеміз. Қолымда асырап алған қызым тұрады. Біз сияқты қарт адамдарды ұмытпай, жастардың жәрдемдескендері көңіл қуантады.

Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған шарапаты мол шара барысында облыстық жекпе-жек өнері қауымдастығының өкілдері 5 отбасыға азық-түлік жеткізді. Әр дорбада 10 мың теңгенің тауары бар.

Алдияр Айтпаев