Мәдениет

Қалалық мәдениет үйінде шеберлік сағаты өтті

Дәл қазір мәдениет үйінде ұлттық аспаптар жөнінен шеберлік сағаты өтіп жатыр. Сабақ беріп отырған білікті ұстаз жастарға сазсырнайда ойнау өнерінен сыр шертуде. Қыз-жігіттер болса, музыканы ұйып тыңдап отыр. Әрқайсысының қазақтың ұлттық аспаптарына деген қызығушылығы зор. Екатерина Восипенок домбыраны жанына жақын тартады.

Екатерина Восипенок:

 – Мен домбырамен 5 жыл бойы айналысып жатқаныныма қарамастан бүгінгі шарада жаңа мәлімет алдым. Шеберлік сағаты маған ұнады. Енді мәдениет үйіне келіп, домбыра үйірмесіне қатысамын деген ниетім бар.

Шеберлік сағатын “Теріскей” фольклорлық ансамблінің жетекшісі Жеңіс Қабдолбариев өткізуде. Өнер майталманы әрі білікті ұстаз “Әр баланың ұлттық аспаптарға деген қызығушылығы зор” екендігін тілге тиек етті.

Жеңіс Қабдолбариев – “Теріскей” фольклорлық ансамблінің жетекшісі:

– Әз Наурыз мерекесі қарсаңында домбыра, жетіген, сазсырнай, сыбызғы және домбырамен ән айту класынан шеберлік сағатын өткіздік. Басты мақсат – өскелең ұрпаққа қазақтың дәстүрлі музыкасынан сыр шертіп, музыкаға баулу. Жалпы, қазіргі жастар ұлттық өнерге қызығушылығын танытып жүр.

Актерлік шеберлік, сәулет өнері, вокал және музыка. Ұл-қыздардың назарына шеберлік сағаттары аталған бағыттар бойынша ұсынылыпты. Одан бөлек, қазақ халқының ұлттық киімдерінің тарихы да таныстырылған екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қалалық мәдениет үйінде мұндай шара алғаш рет өткізілуде.

Айнаш Доспамбетова – қалалық мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы:

– Бүгінгі шеберлік сағаттары 5 бағыт бойынша өтуде. Әр кабинетте – 15 адамнан. Санитарлық талаптардың барлығы сақталған. Шараны өткізу үшін арнайы қаладағы театрлардан актерлерді шақырдық.

Айта кетейік, жыл басында қалалық мәдениет үйінде актерлік шеберлік, ұлттық аспаптар, домбырамен ән айту және қолөнер бойынша үйірмелер ашылған болатын. Оған қазір 60-қа жуық бала барып жүр.

 

Жанна Бисенова