МТРА жаңалықтарыҚұрылыс

Петропавлдың бас жоспары әзірленуде

Петропавлдың бас жоспары соңғы рет 2007 жылы бекітіліпті. Оның уақыты бірер жыл бұрын аяқталған. Мамандар құжатта көрсетілген біраз шаруа атқарылды, алайда, тындырылмаған да жұмыс бар дейді. Сондықтан, жаңа жоспар әзірленіп жатыр. Құжат аясында бұрынғы бастамаларды жүзеге асыру және Қызылжарды одан әрі құлпырту көзделген. Негізгі басымдыққа тоқталайық. Алдағы уақытта қаламызда көппәтерлі баспаналар көп тұрғызылатын болады.

Серік Мұхамедиев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Әр қазақстандыққа 30 шаршы метр тұрғын үйден келуі тиіс. Біздің өңіріміздегі көрсетіш 22-ні құрап отыр. Республикалық жоспарды орындау үшін Петропавлдың өзінде жыл сайын 300-400 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілуі қажет.

Серік Мұхамедиевтің сөзінше, жоспар орындалады. Шаһарда ескі жер үйлерді сүріп, орнына заманауи көпқабатты ғимараттарды салу көзделіп отыр. Мұндай жұмыс әзірленіп жатқан құжатқа сәйкес, негізінен, Береке, Ойқала, Қапай, Зайсан және Жас өркен ықшам аудандарында жүргізілмекші. Баспаналардан бөлек, стадион, Есіл өзенінің жағалауында саябақ тұрғызылады. Тіпті, облыс орталығында жаңа аудандар да пайда болады.

Серік Мұхамедиев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Қаланың бас жоспарымен кез келген адам e.gov порталына кіріп, таныса алады. Тіпті, құжатқа қатысты ұсыныс пен өтініш те білдіруге болады. Ол үшін сайтта пікір қалдыру қажет. Біз пікірлердің барлығын назарға алып, қарастыратын боламыз.

Айта кету қажет, бас жоспар аясындағы жұмыстар белгілі бір тәртіп бойынша жүргізілмек. Мәселен, 2035 жылға дейін біраз баспана тұрғызылмақшы. Себебі, бұл уақытқа қарай қызылжарлықтардың саны 220-дан 270 мыңға дейін артуы мүмкін. Ал 2035-тен кейін әлеуметтік маңызы бар нысандар көптеп салынады. Құжат сәуірдің 5 күні қалалық, кейін облыстық мәслихатта қарастырылатын болады. Содан соң мемлекеттік сараптамадан өткізілмекші.

 

 

 

 

Жанна Бисенова