Денсаулық сақтау

Облыстық онкологиялық орталықта профилактикалық айлық өтуде

Жыл сайын дүние жүзінде 10 млн адам обыр ауруына шалдығады. Оның 8 млн-ы дерттен көз жұмады. Еліміздегі статистика да көңіл көншітпейді. 35 мыңға жуық қазақстандық жыл сайын қатерлі ісіктен қайтыс болады. Өткен жылдың өзінде өңірімізде 500-ден астам жерлесіміз аурудың құрбаны болған.

Жігер Дүйсенов – облыстық онкологиялық орталығы онкоблогының жетекшісі:

– 2020 жылы 177 солтүстікқазақстандықтың бойынан обыр анықталды. Бұл оның алдыңғы жылға қарағанда 10 жағдайға көп. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында 21 факті тіркелген. Өңірде онкологиялық аурулардың ішінде жиі кездесетіні – сүт безінің ісігі. Одан кейін өкпе мен терінің қатерлі дерті.

Жергілікті мамандардың айтуынша, науқастардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Онкологиялық аурулардың пайда болуына адамның бойындағы зиянды әдеттер мен экологияның нашар болуы себеп дейді. Жалпы, ауру неғұрлым ерте анықталса, одан құлан-таза айығып шығу мүмкіндігі де арта түседі. Сондықтан, әр адам өз денсаулығына зор жауапкершілікпен қарап, скринингтік тексерістен уақытында өтуі керек.

Күлзипа Сандыбаева – облыстық онкологиялық орталығы хирургия бөлімшесінің дәрігері:

– Жалпы, өткен жылы скринингтік тексерістен 36 мыңнан астам адам өтті. Оның ішінде 30-дан астам адамның бойында обыр анықталды. Скринингтік тексерістен кем дегенде жылына бір рет өту керек.

Айта кетейік, наурыздың 1-інен бастап облыстық онкологиялық орталықта профилактикалық айлық бастау алды. Оның аясында дәрігерлер қабылдау өткізіп, кеңестерімен бөліспек. Тағы, наурыздың 27-сі күні қала мен облыс аудандарындағы емдеу орындарында Ашық есіктер күнін өткізу жоспарланып отыр.

Жанна Бисенова