Қоғам

Петропавлда кезекті “Парасат жолы” орталығы ашылды

“Парасат жолы” – атауы айтып тұрғандай жастарды парасаттылыққа, ізгілік пен даналыққа баулуға бағытталған жоба. Оның аясында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен және белсенді жастармен шығармашылық кештер ұйымдастырып, күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерді қарастыру көзделген. Бүгінгі алғашқы жиынға “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы Қасымхан қажы Исаев ат салысып отыр.

Қасымхан қажы Исаев – “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы:

– Қазіргі жастардың бойына сыйластық, үлкендерге құрмет, мейірімділік, жанашырлық сынды қасиеттер керек. Қыз-жігіттердің бойында жаман әдеттер мен құндылықтар жоқ емес. Олардан барынша арылу керек. “Парасат жолы” – аталған құндылықтарды насихаттаудың үлгісі.

Іс-шараға жергілікті волонтерлер де белсене қатысуда. Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері “Парасат жолы” жобасының мәні зор дейді. Айтуларынша, бастаманың көмегімен қыз-жігіттер интернеттен бір сәтке болса да арылып, келген қонақтармен тілдеседі, ақыл-кеңестерін көңілге тоқиды, өз ойларын ортаға салады.

Владислава Кириченко – қалалық жастар ресурстық орталығының волонтері:

– Бүгінгі жиында өзімнің еріктілік саласындағы тәжірибеммен бөлістім. Мәселен, өткен жылдан бері қаланы тазалау жұмыстарына қатысып жүрмін, жалғызбасты қарияларға қолғабыс етемін. Менің ойымша, қазіргі жастар аса белсенді емес. Бұл мәселенің шешіміне “Парасат жолы” жобасы септеседі деген үміттемін.

Айта кетейік, “Парасат жолы” жобасы “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің бастамасымен қолға алынған. Кеңсе өкілдері бастаманың оң нәтиже беретініне сенімді.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Бүгінгі жиынға жергілікті “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысып отыр. Одан бөлек, жастар да ат салысуда. Орталықтың басты мақсаты – жастардың бойына адамгершілік және адалдық қасиеттерін сіңіру.

Бүгінде “Парасат жолы” орталығы қаладағы 3 кітапханда бар. Алдағы уақытта бұл бастаманы облыс аудандарында да қолға алу жоспарланған.

 

 

Жанна Бисенова