Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі онлайн режимде қоғамдық қабылдау өткізді

Интернет бар, ал ұялы байланыс жоқ. Осындай жағдай Ақжар ауданындағы Айсары ауылында орын алып отыр. Күні кеше елді мекенге демеуші есебінен интернет желісі тартылыпты. Ағайынның қолы біраз ұзарды. Бірақ, туған-туыспен байланысқа ұялы телефон арқылы шығу мүмкіндігі әлі жоқ.

Мақсат Баяхмет – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Цифрлық даму министрлігі және ұялы байланыс операторлары арасында елді мекендерді телефон және интернет желісімен қамту туралы меморандум бар. Бағдарлама 5 жылға жоспарланған. Алғашқы кезеңінде СҚО-дағы тұрғындар саны 250-ден асатын 70 ауыл қосылмақ. Бүгінде 40-ы қамтылды.

Алайда, Айсары ауылы бұл тізімге енген жоқ. Селодағы тұрғындардың саны 205 қана. Сондықтан, бағдарламаның екінші кезеңін күту керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2025 жылға дейін барлық ауылдар ұялы байланыс және интернетпен қамтылады. Алайда, бәрін бір мезетте қоса алмаймыз. Сондықтан, алдымен болашағы бар елді мекендерге басымдық беріледі. Аталған санатқа облыс бойынша 307 село кіреді.

Соның бірі – Аққайың ауданына қарасты Қиялы ауылы. Ұялы байланыс пен интернет мұнда бар. Тұрғындарды мазалайтын мәселе – басқа. Өткен жылы ауылдық клубтың жөндеу жұмыстары басталыпты, бірақ өз мәресіне жетпеген. Анықталғандай, шаруа жауапсыз мердігерге жүктелген. Нәтижесінде компания берілген уақыт ішінде істі тындырып үлгермеді. Сондықтан, жергілікті әкімдік құрылысшыларды сотқа беріп, жаңа тендер жариялады. Нысанды қалыпқа келтіру мамыр айында қайта жанданбақ. Ал Дмитрий Ильді толғандыратын проблема ауыл, қаламен шектелмейді. Қозыбаев университетінің кафедра меңгерушісінің сөзінше, келер жылдары аграрлы салада кадр тапшылығы туындауы мүмкін.

Дмитрий Иль – Kozybayev University агротехнологиялық факультетінің кафедра меңгерушісі:

– Ауыл шаруашылығы мамандықтарына түсетін жастардың қатары азаюда. Әсіресе, «Мал шаруашылығы өнімдерінің технологиясы» мамандығында оқуға құлық танытатындар бірең-сараң. Биыл аталған бағытта 30 бірдей грант болды, бірақ құжаттарын 10 талапкер ғана тапсырды. Себебі, мектеп оқушылары зоотехниктің жұмысы былғаныш жұмыс деп есептейді.

Бұл қатып қалған стереотипті жоятын кез жетті дейді азық-түлік қауіпсіздігі кафедрасының меңгерушісі Дмитрий Иль. Цифрлық заманға аяқ басқалы ауыл шаруашылығы да өзгеруде. Бүгінде зоотехниктер заманауи, іші кең, таза сүт-тауарлы фермаларда еңбектенеді. Жалақы жоғары, жұмыс та білікті мамандар үшін қиын емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз жыл сайын облыс бойынша 15 сүт-тауарлы ферма саламыз деп межелеп отырмыз. Себебі, сүтке деген сұраныс өте жоғары. Әрі мал шаруашылығының бұл бағыты өте табысты. Бүгінде «Гормолзаводқа» ақтың бір литрін 140-150 теңгеге өткізуге болады. Ол аз десеңіз, тағы 40 тг-ге дейін субсидия төленеді. Яғни, фермерлер 1 литр сүттен 185-190 теңге пайда табады.

Беделі төмен деп келген кәсіп түрі бүгінде элиталы бизнеске айналуда. Сондықтан, зоотехник болудан жастардың мұрын шүйіретін реті жоқ. Керісінше, табысты бағытта жұмыс істеуге ұмтылу қажет деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Онлайн қабылдау барысында тағы бір болашағы зор жоба сөз болды. Шыңғыс Тоқмурзин аймақ басшысына асфальт салуға қажет реагенттің біздің өңірде жасалатынын айтты. Бұл өнертабысты битумға қосса, тас жолдың сапасы мен жарамдылық мерзімі әлдеқайда артпақ.

Шыңғыс Тоқмурзин:

 – Біздің өнімнің бағасы шетелдік баламалармен салыстырғанда өте арзан. Ал сапасы бойынша дес бермейді. Реагентті сынақтан өткіздік. Нәтижесі өте жақсы.

Өнертабысты асфальт төсеуге қолдану үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының шешімі қажет. Қазір ғалымдар реагентті сынақтап өткізіп жатыр. Оның қорытындысы бір ай көлемінде белгілі болады. Өнімнің нәтижелілігі дәлелденген жағдайда өндірісті Қызылжар арнайы экономикалық аймағында іске қосу да қарастырылмақ.

 

 

Эльмира Садвокасова