Денсаулық сақтау

Жасанды жолмен ұрықтандыруға берілетін квота саны 6 есеге артқан

Биылдан бастап Қазақстанда мемлекет басшысының бастамасымен “Аңсаған сәби” атты жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында елімізде жасанды жолмен ұрықтандыруға бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін артпақ. 200-ден астамы Солтүстік Қазақстан облысына беріліп отыр.

Экстракорпоралдық немесе жасанды жолмен ұрықтандыру. Көптен бері сәби сүйе алмай жүрген жандар бүгін дәл осы әдіске жүгіне алады. Бұл ретте ерлі-зайыптылардан қажетті генетикалық материалдар алынып, аналық жасуша зертханада ұрықтандырылады, кейін арнайы инкубаторға салынады. Ұрық дұрыс дамыған жағдайда оның бірнешеуі нәзікжандының құрсағына орналастырылады.

Елена Калюжная – облыстық перинаталдық орталығының директоры:

 – Қазіргі таңда облысымызда бала көтере алатын жастағы әйелдердің саны 24 мыңға жуықтайды. Оның ішінде жасы келіп тұрса да денсаулығына байланысты сәби көтере алмай жүрген келіншектер бар. Бүгінде 800-ге жуық солтүстікқазақстандық отбасылық жұп репродукция бөлімшесінің есебінде тұр.

Демек, 800-ге жуық ерлі-зайыпты жасанды жолмен балалы болуға үмітті. Репродукция бөлімшесінде есепте тұрған жұптарға жыл сайын мемлекет тарапынан арнайы квота беріледі. 2019 жылы облысқа небәрі 25 квота жолданыпты, ал былтыр – 37. “Бұл өңіріміз үшін өте аз”,- дейді жергілікті мамандар. Себебі, нәрестелі болуды аңсап жүрген жандар кезектерін жылдап күтуге мәжбүр. Бұл мәселені шешуге биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған “Аңсаған сәби” атты жоба септеспек. Осындай бастаманы жүзеге асыруды Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өкінішке қарай, Қазақстанда әр­бір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандас­та­ры­мыз­дың 20 пайызға жуығы мұны ажы­расуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мем­ле­кеттермен салыстырғанда көңіл көншіт­пейді. Үкіметк  2021 жылдан бастап «Аңса­ған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын.

“Аңсаған сәби” жобасы аясында елімізде экстра­кор­порал­дық ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін артқан. Оның 208-і Солтүстік Қазақстан облысына жолданып отыр.

Елена Калюжная – облыстық перинаталдық орталығының директоры:

– Бедеулік әйелдермен қатар, ер азаматтарда да кездесуі мүмкін. Квота, негізінен, ерлі-зайыптылардың екеуі де бедеу болған жағдайда беріледі. Айта кетейін, квотаға қол жеткізе алмаған жағдайда эстракорпоралдық ұрықтандырудың ақылы түріне жүгінуге болады. Бұл процедура 1 млн теңгенің көлемінде тұрады.

Айта кетейік, перинаталдық орталықтағы репродукция бөлімшесінде тиісті зерттеулер жасалғандығымен, экстракорпоралдық ұрықтандырудың өзі жүргізілмейді. Оған кадр тапшылығы себеп. Бүгінде ел бойынша ата-ана бақытын сезіну мүмкіндігін сыйлайтын 26 орталық жұмыс істеп тұр.

Жанна Бисенова