МТРА жаңалықтары

Ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша челлендж

Наурыз көже, бесбармақ, бәрәміш, бауырсақ пен қымыз. Ұлыстың ұлы күнінде астың бұл түрлері қазақ халқының дастарханынан табылатыны сөзсіз. Осы ретте өңірімізде ұлттық тағамдарды дайындау бойынша челлендж бастау алды. Эстафетадан Муниципалдық телеарна да шет қалмады. Жергілікті мейрамханалардың бірінде біз дәмі тіл үйіретін бәрәміш әзірледік. Ал бас аспаз көрермендермен тағамның дәмді дайындалуының құпиясымен бөлісті.

Әсел Әбдіқалықова – “Хан ауылы” мейрамханасының бас аспазы:

– 1 келі, яғни 40 дана бәрәміш әзірлеу үшін бізге 100 грамм сүт, дәл осынша көлемде су, 3 грамм ашытқы, ас содасы, 5 грамм тұз және қант, 20 грамм ерітілген сары май, 375 грамм ұн қосамыз.

Бұл ретте бәрәмішке арналған қамырдың илену әдісі әр қыз-келіншекте әр түрлі. Бірақ, барлық әйелдер қауымының құлағына алтын сырға. 12 жылдық тәжірибесі бар бас аспаз бізбен өз құпиясымен бөлісті. Әсел Әбдіқалықованың айтуынша, қамырға әрі сода, әрі ашытқы қоссаңыз, онда дайын бәрәміштің бүрілген жері қатты емес, жұмсақ болып шығады. Қамыр иленіп болған соң, оны міндетті түрде 10-15 минутқа демалдыру керек. Осы уақытта қойдың пісірілген бауыр, жүрек, өкпе мен сиырдың пісірілген қарнынан біраз турап, пиязбен қуыру қажет. Бізде ет турамасы дайын. Енді қамырды жаю ғана қалды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Тағамды дайындаудағы мен үшін ең қызықты процесс – ол бәрәмішті бүру. Сырт көзге оп-оңай болып көрінгенімен, ол үшін де тәжірибе керек. Менің жолым болғыш дер едім, себебі анам көрсеткенде бірден үйреніп алдым. Әдемі шыққан сияқты, иә?

Бір қызығы – бұл тағамның ел арасында екі бірдей атауы бар: бәрәміш және бүйрек. Бірақ, екеуінің де заты бір. Бүйректеріміз бүрілді, енді оны қуыру ғана қалды. Ол үшін қазанға май құйып, қыздыру қажет.

Үстелге ұсынар алдында міндетті түрде қасына ерітілген сары май қою керек. Онсыз бәрәміш бәрәміш болмайды. Ұлттық тағамды халқымыз тек мейрамдарға ғана емес, аса сыйлы қонақ қонақ қарсы алғанда да әзірлейді. Мәселен, құдалар келгенде әуелі осы дәмнен ауыз тиеді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Ұлттық тағамдарды дайындау бойынша челленджден Муниципалдық телеарна да шет қалмады. Эстафетаны “Қызылжар” арнасындағы әріптестерімізден қабыл алып, “Хан ауылы” мейрамханасының бас аспазымен дәмі тіл үйіретін бәрәміш әзірледік. Енді “Первый Северный” телеарнасындағы журналистердің де асүйдегі өнерлерін паш ететін сәт келді. Кезек – өздеріңізде.

Эльмира Сәдуақасова