МТРА жаңалықтары

Тұтас бір ауыл ауыз су тапшылығын тартып отыр

М.Жұмабаев ауданында тұтас бір ауыл  ауыз су тапшылығын тартып отыр. Достық ауылының 160-тан астам тұрғыны  талай жылдан бері суды тасып ішеді. Ал соңғы жылдары сол судың өзі сарғыш тартып, балшық араласып кеткен. Жергілікті ағайын шешімін таппай жүрген түйткіл бойынша әлеуметтік желі арқылы аудан әкіміне де жүгіндік дейді. Бірақ, мардымды жауап ала алмаған.

– Вода грязная, вот честно. Вчера, ту, что привезли, мне даже брезгливо, как можно ее пить, как можно делать чай?

Таза ауыз су тапшылығын жалғыз Индира Рахимова емес, бүтін бір ауыл жұртшылығы сезініп отыр. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Достық ауылында сапалы тіршілік көзі бұрыннан жоқ. Амал нешік, ағайын бар суды тұтынуға мәжбүр. Қазіргі уақытта оны арнайы мамандар елді мекен сыртындағы мұнарадан аптасына 2 рет әкеліп береді екен.

Индира Рахимова – Достық ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Біз жеткізілген суды бөшкеге немесе флягқа құйып аламыз. Оны қолданбас бұрын алдымен тұндырамыз. Кейін қайнатып, содан кейін ғана ішеміз. Балалар мұндай суды ішкілері келмейді. Сол себепті, қайнатып, шәй, компот дайындап беремін. Тіршілік көзінің ластығынан сатып алған шәйнектеріміз де сынып жатады. Одан қалған тұнбаны тазалаудың өзі қиынға соғады.

Индира Рахимова мен жолдасы мал шаруашылығымен айналысады. Бірнеше қойы мен жылқылары бар. Төрт түлік мұнарадан жеткізілетін суды ішпейді екен. Сол себепті, жануарларды ерлі-зайыптылар үйдің алдындағы құдықтан суарады. Ал оны әрдайым толтырып отыру қажет. Ол үшін ауыл тұрғындары аптасына 2 рет 2 мың теңгеден жұмсап, жергілікті серіктестіктен 3 текше метр су сатып алады екен. Бұл су тек тұрмыстық мақсатта ғана қолданылады.

Индира Рахимова – Достық ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Өзімізге деген суды дүйсенбі және бейсенбі күндері әкеліп тұрады. Үлгерсең үлгердің, үлгермесең ол да жоқ. Бір рет жеткізілген су бір аптаға жетпейді. Бұрын 1 фляг үшін 10 теңге төлейтінбіз. Қазір тіршілік көзі тегін беріледі. Тегін болғанымен, сапасы сын көтермей тұр.


Сусыз тіршілік жоқ. Ал Достық ауылындағы су неге лас? Мәселе қалай шешілмек? Бұл сауалдарды қарамағына Достық ауылы кіретін Авангард ауылдық округінің әкімі Александр Конюшевскийге қойдық.

Александр Конюшевский – Авангард ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Ауылда су тарату мұнарасы бар. Оған су тас жолдың астынан өткізілген құбыр арқылы келеді. Міне, сол желіге 2019 жылы жүргізілген жол жөндеу жұмыстары кезінде балшық пен топырақ түсіп кеткен. Содан бері тіршілік көзінің сапасы нашарлады. Қазіргі таңда тиісті тексеріс шаралары жүргізілуде.

Округ әкімінің сөзінше, жаңа су тарату қосынын салу қажет. Тиісті жұмыс жүргізілсе, тіршілік көзінің сапасы да жақсарады, тұрғындарға су қолжетімді бола түседі. Бірақ, бұл жұмыстың қашан жүргізілетіні дөп басып айтылмады.

Алтынай Казиканова