Билік

Ленин ауылдық округінің атауы өзгерді

Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті ІІІ сессиясының отырысы өтті. Шара барысында халық қалаулылары Мамлют ауданына қарасты Ленин ауылдық округі мен Ленин ауылының атауларын өзгерту туралы сұрақты талқылады.

Облыстық мәслихат сессиясында бірнеше маңызды мәселе қаралды. Соның бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы. Соңғы 2 жылда өңірде екіжақты келісім шарт негізінде 30-дан аса жоба жүзеге асырылыпты. Атап айтсақ, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салалары мен инфрақұрылымға қатысты бастамалар қолға алынған. Мәселен, былтыр Қызылжар ауданында заманауи мектеп жұмысын бастады. Жеке инвестор бұрынғы ескі оқу ұясына 300 млн теңгедей қаржы құйып, 1 жылдың ішінде ғимараттың іші-сыртын түгел қалыпқа келтірді. Сондай-ақ, білім беру жүйесіне жаңа өзгерістер енгізіп, сыныптарды ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

Әрсен Қазбеков – СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Біз жүзеге асырылған жобалар бойынша мониторинг жүргізген болатынбыз. Бақылау кезінде жоспарлардың барлығы дұрыс орындалғанына көзіміз жетті. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс жасап жатқан мектептердің еуропалық үлгідегі білім ошақтарынан қалыспайтындығын іс жүзінде көрдік. Бұл бағыттағы шаруаны әлі де жалғастыру қажет деп ойлаймын.

Жақында тағы бір жоба жүзеге асырылмақшы. Жергілікті «Радуга» серіктестігі Бескөл орта мектеп-гимназиясын өз қарауына алды. Жеке инвестор 300 млн теңге көлемінде қаржы құйып, 1-ші қыркүйекке дейін білім ошағының ғимаратын толық қалыпқа келтірмекші екен. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында колледж ашуды жоспарлап отыр. Аталған сұрақ бүгін облыстық мәслихат сессиясында талқыланып, депутаттардың қолдауына ие болды.

Татьяна Мишкина – “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС бас директоры:

– Осы мектептің базасында 9-шы сыныптан кейін балаларды қабылдайтын колледж жұмыс істейтін болады. Біз мемлекеттік стандарт бойынша еңбек етеміз. Бәрі ұл-қыздар үшін тегін болмақ. Сонымен қатар, бірнеше ақылы қызмет түрін де көрсетеміз. Олардың қатарына спорттық секциялар мен түрлі үйірмелер.

Сондай-ақ, сессия отырысында Мамлют ауданына қарасты Ленин ауылдық округі мен Ленин ауылының атауларын өзгерту туралы сөз қозғалды. Іске жауапты мамандар алдын ала тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, 2 атауды да Бике деп ауыстыру туралы қорытындыға келген. Бастаманы халық қалаулылары бірауыздан қолдады.

 

 

Бердімұрат Баймұқан