Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ғ.Мүсірепов ауданында болды

Сүт-тауарлы ферманы саламын дегендерге 1 млрд теңге несие беріледі, қондырғылар құнының 25 пайызы субсидияланады. Бірақ, аграрийлер әлі де сүтті мал шаруашылығын қолға алуға құлық танытпай отыр. Ғ. Мүсірепов ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі дәл осы бағытты дамытуды тапсырды. Тағы Құмар Ақсақалов тасқынның алдын алу шаруасын бағамдап қайтты. Аймақ басшысы аудан активі мен құтқарушыларға 2017-дегі сценарийдің қайталануына жол бермеу керектігін қадап айтты.

Шырайлы көктеммен бірге қызыл судың да келуі мүмкін. Ғ.Мүсірепов ауданындағы 9 бірдей ауылға тасқынның қаупі төніп тұр. 8 елді мекеннің тағдыры Ақан-Бұрлық, Жембарақ, Шарық, Ұзынкөл, Ұлыкөл мен Есілге, ал Новошимское селосына қатысты жағдай алқаптарда еритін қар суымен тығыз байланысты. Төтенше жағдайға жол бермес үшін бүгінде жергілікті жерде жедел әрекет ету жасағы еңбектенуде. Оның құрамында – 18 құрылым, 65 бірлік техника мен 135 құтқарушы бар.

Ағзам Тастеміров, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– 2017 жылғы тасқын өзен-көлдердегі үйдей мұздардың бір орында тұрып қалып, суды әрі қарай өткізбегендігінен орын алды. Биыл оған жол бермес үшін Шарық өзенінде 5 жерден мұз жару жұмыстарын жүргізудеміз.

Биыл өңірде қар әдеттегіден көп түсті. Сондықтан, жергілікті билік пен жедел әрекет ету тобы кез келген сценарийге сақадай сай болулары қажет. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, 2017-дегідей жағдай қайталанбауы тиіс.

Алдын алу жұмыстарын күшейтіп, тасқын қаупі жоғары аумақтарға арнайы техниканы әкеліп, дайындап қою керек деді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық техниканы төтенше жағдайдың алдын алуға жұмылдыру қажет. Қазір барлық жыра мен арықтарды тазалауға көңіл бөліңіздер.

Новоишимское селосында да жұмыс қызған. Елді мекенде су тазарту нысаны салынуда. Бұрын аудан орталығындағы барлық кәріз ағындылары бір жерге жиылып, кейін буланып ауаға тарайтын. Салдарынан ауыл тұрғындары таза оттегімен емес, жағымсыз иіспен демалған. Енді барлығы өзгермек. Кәріз ағындылары толық тазартылып, су Есіл өзеніне жіберіледі.

Виталий Аушарипов, «Caspian Contractors Trust» ЖШС бас директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Жоба құны 3 млрд 340 млн теңге тұрады. Жұмысты 2018 жылы бастадық. Бүгінде 25 шақырым жерге желілерді тарту жұмысы толық аяқталды. Бұл бірегей станция болмақ. Себебі, нысан жабық үлгіде. Мәселен, дәл осындай жоба Санкт-Петербор қаласының маңындағы ауылдардың бірінде жүзеге асырылды. Қазір сәтті жұмыс істеп жатыр.

Өңір басшысы Привольное селосына да ат басын бұрды. Елді мекенде “Колос” фермерлік шаруашылығы 16 жыл бойы нәтижелі жұмыс істеп келеді. Жергілікті аграрийлер егін егіп, ірі қара да өсіреді екен. Мұнда бүгінде 550-ге жуық мүйізді мал бар. Өткен жылы сиырлардан бақандай 329 млн тонна сүт жиналған. Ақтың көлемі өскен сайын сүт-тауарлы фермаға деген сұраныс та артуда. Сол себепті, жақын арада 230 бас малға арналған кәсіпорын жұмысын бастамақ.

Александр Гейман, «Колос» ФШ басшысының орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Құрылыс өткен жылдың шілде айында басталды, биыл мамырда толығымен аяқтаймыз. Қазір сиырларды саууға арналған орынды салып жатырмыз. Шаруашылықта ірі қараның екі түрін ұстаймыз: бірі – симментал тұқымы болса, екіншісі – қазақтың ақ бас сиырлары.


Жоба құны – 130 млн теңге. Оның бір бөлігі сиырды саууға арналған аппаратқа жұмсалмақ. Тиімді тұсы – қаржының 25 пайызын мемлекет фермерге субсидия ретінде қайтарып береді. Жалпы, қажетті техника Израильден жеткізілмек. Өндіріс ошағында бүгінде 35 адам еңбектенуде. Жуық арада тағы 4 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар.

– По чем сдаете молоко?

– 145 тенге, плюс субсидии.

– Нужно расширяться, развиваться. У вас в планах это есть?

– Да.

Ауданның әлеуеті жоғары. Бұған былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері дәлел. Бірақ, кемшін тұстар да бар. Өткен жылы диқандар бір гектардан 14 жарым центнер алтын дән жинаған. Астықты өлке үшін бұл жеткіліксіз деді Құмар Ақсақалов. Мемлекет тарапынан аграрийлерге қолдау мығым. Бірақ, соны пайдаланып құлшына жұмыс істейтіндер аз көрінеді. Агроқұрылым басшылары ауылшаруашылық техника паркін жаңартуға да асық емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Техника ескі болса, егін науқаны мен өңдеу жұмыстарын уақытылы өткізулеріңіз екіталай. Салдарынан астықтың сапасы нашарлайды. Ғ.Мүсірепов ауданы – барлығына үлгі, ауыл шаруашылығы саласы бойынша ел көлемінде 1-ші орында болуы керек. Ал сіздерде трактор, комбайн дегендерді жаңарту мәселеге айналып отыр.

Сүт-тауарлы фермалардың қатарын арттыру керек. Мемлекет мал шаруашылығын қолға аламын дегендерге қолдау көрсетеді. Қажет болса, несиеге де, субсидияға да қол жеткізуге болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мәселен, 600 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферманы іске қосуға біз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы 1 млрд теңге бере аламыз. Әдетте, құрылыс және монтаждау жұмыстары 2 жылға созылады, бұл мерзімге несие төлемін кейінге шегереміз. Яғни, қалталарыңыздан бір тиын да шығармайсыздар. Жылдық үстемеақы – 4 пайыз, кепіл ретінде салынып жатқан нысан алынады. Өте ыңғайлы ғой.

Аудан ауқымды бизнес-жобаларды жүзеге асыру бойынша да ақсап тұр. Облыс әкімі аудан басшысы Ағзам Тастеміровке кәсіпкерлермен жұмыс істеп, инвестиция тартуды жүктеді.

Эльмира Садвокасова