Мәдениет

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Көрісу күні аталып өтілді

Ел-жұрт қыстан аман-есен шығып, шуақты көктемге жеткендеріне қуанып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді. Бұл – Наурыз мейрамының басы  Көрісу күнінде жасалатын дәстүр. Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде Амал мейрамы аталып өтілді.

Демалыс күніне қарамастан таңертеңмен облыстық тарихи-өлкетану музейіне жиналғандардың қарасы қалың. Қонақтар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, Көрісу мерекесін тойлауға келген. Шуақты көктем күндерімен бірге келген осы мейрамның маңызы зор. Бұл күні жұртшылық қыстан аман-есен шыққанына, туған-туыс, көрші-қолаңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Араларында араздық, өкпе-реніш болған жағдайда оны ұмытып, бір-біріне амандық тілейді.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Көрісу күнін Наурыз мейрамының бастауы десек те болады. Бұл дәстүрдің тарихына үңілсек, ертеректе жапан далада мал баққан көшпенді халық бір-бірін көрмеген. Олар тек көктем келгенде, Наурыз мейрамы жақындаған кезде ғана бір-бірін көре алған екен. Сол уақыттан бері Көрісу күні сақталып қалған.

Көрісу күнін атап өтуге жиналған қауым ұлттық нақыштағы әндерді орындап, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, мұнда мейрамға арнап мерекелік дастархан жайылған. Оған халқымыздың ұлттық тағамдары қойылып отыр. Мерекені қарсы алуға келгендер мол дастархан басында Көрісу күнінің тарихын баяндады. Және келе жатқан Наурыз мейрамында орындалатын салт-дәстүрлер жайында әңгіме-дүкен құрды. Аталған күнді атап өтуге келгендердің ішінде өзге ұлт өкілдері де бар.

Евгения Антоненко – И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының қызметкері:

– Наурыз мейрамы – еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыс өкілдерінің сүйікті мерекесі. Өйткені, шұғылалы көктеммен келген мереке әр жанға қуаныш сыйлайды. Осы орайда барлық жанға тек жақсылық пен бақыт тілегім келеді.

Мерекелік шағын жиын соңында аға буын өкілдері бата берді. Жалпы, Амал мейрамы бір күн ғана тойланатын мереке емес. Ол наурыз бойы жалғасатын болады.

Алтынай Қазиқан