Мәдениет

«Наурыз мейрамы» атты телевизиялық жоба әзірленіп жатыр

Ұлттық салт-дәстүр, мерекелік концерт пен сырлы сұхбат. Өңірімізде елордалық мамандардың қатысуымен әз Наурыз мейрамына арналған телевизиялық жоба әзірленіп жатыр. Бағдарлама барысында / мерекенің мән-мағынасы тереңірек айтылмақ, 7 дәмнен тұратын көже әзірленбек, әдет-ғұрыптарымыз көрсетілмек.

Витражды терезе, киіз үй және декорациялар. Әзір заманауи, әрі ұлттықа нақышта безендірілген студияда Наурыз мейрамына арналған мерекелік телевизиялық жобаның түсірілімі қызу жүріп жатыр. Бағдарламаға 300-ге жуық адам жұмылдырылған. Дені – солтүстікқазақстандықтар. Дегенмен, тележобаны әзірлеуге Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы мамандар мен қонақтар да шақыртылыпты. Соның бірі – танымал тележүргізуші, актриса Майя Веронская.

Майя Веронская – тележүргізуші, актриса: 

– Жобаға түсу туралы ұсыныс осыдан 1 ай бұрын келіп түсті. Келетін күнімді белгілеп, жұмысымызды бастадық. Кешегі күнге дейін соңғы түзетулер енгізілді. Біздің студияға өңірдің еңбек сіңірген азаматтары келіп жатыр. Біз жобаны қазақ тілінде жүргізуге тырысып жатырмыз. Ол келген қонақтарға байланысты. Қуантарлығы – осыған дейін сұхбат алған адамдардың 90 пайызы қазақ тілінде сөйлейді.

Тележоба түсірілімі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен 1 ай бұрын қолға алынған. Бағдарламаны түсіріп, оны монтаждайтын – елордалық «Tarlan Cinema» серіктестігі.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірейісов мақсат – карантин кезінде көрермендерге ерекше жоба ұсыну. Оның барысында қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері көрсетіледі, мерекелік концерт ұсынылады және өңірдің белсенді әрі беделді азаматтарынан сұхбат алынады.

Досбол Әбдірейісов – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

–  Телевизиялық студияға қонақ ретінде облысымыздың зиялы қауым өкілдері мен жастарын шақырып отырмыз. Туымызды халықаралық аренада желбіретіп жүрген азматтарымыз да бар. Мәселен, 71-ші Канн кинофестивалінің үздік актрисасы Самал Еслямова, Олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров және музыкант Байғали Серкебаев.

Тележобаның көлемі 1,5-2 сағат деп болады топшыланып отыр. Наурыз мейрамына арналған бағдарлама наурыздың 21-і мен 22-сі күндері жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде көрсетілетін болады.

Жанна Бисенова