МТРА жаңалықтары

Құмар Ақсақаловтың облыс әкімі қызметіне келгеніне – 4 жыл

2017 жылдың 14 наурызында Құмар Ақсақалов  СҚ облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Өңірдің жаңа жетекшісіне  ел Президенті  аймақты дамытуға қатысты біраз тапсырма берді. Сол тапсырмалар бүгінде орындалды ма? Белгіленген жоспар жүзеге асты ма? Оны білмекке біз 4 жыл ішінде атқарылған шаруаны зерттеп, зерделедік.

– Кадрлық ауыс-түйіс. Бүгін еліміздің бірқатар өңірлерінде әкімдер ауысты. Бүл көштен теріскей де шет қалмады. Өлкемізге жаңа басшы келді. Енді бұл қызметті Құмар Ақсақалов атқаратын болады.

Тәжірибесі мол, білікті, бастысы жоспарлары айқын жаңа басшы. Елбасы Құмар Ақсақаловқа СҚ-ның өнеркәсіптік әлеуетін, әлеуметтік инфрақұрылымын, шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамытуды тапсырды. Тағы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді жүктеді. Облыс әкімі жұмысқа бірден кірісті.

2017-ші жыл. Солтүстік Қазақстан – еліміздің астықты аймақтарының бірі. Бірақ, сол млн-даған гектардан түсетін пайда әлі де аз. Себебі, егілетін бидайдың сұрпы төмен, ал майлы дақылдарға көңіл бөлінбейді. Мұны өзгерту қажет!

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі: 

– Бір жылдың ішінде біз майлы дақылдар егілетін жерлерді 30 пайызға ұлғайттық. Ең бірінші мақсатымыз – өнімді жинап алып, өңдеп, экспортқа шығару. Майлы дақылдарға деген сұраныс көп, бағасы да қымбат. Сол себепті, оны бізде көбірек өсіру қажет.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Майлы дақылдарға арналған алқаптарды жыл сайын ұлғайтып, көлемін 1 млн гектарға дейін жеткізу қажет. Аграрийлерге жүктелген міндет осы еді! Мақсатты орындауға күшіміз жетеді деді облыс әкімі. Жетті де. 2019-да егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша мақсат орындалды.

Майлы дақылдарға арналған жерді ұлғайтумен бірге өңір аграрийлері мал шаруашылығын да қатар дамытты. Былтыр өңірдегі сүт-тауарлы фермаларда 600 мың тоннаға жуық сүт өндірілді. Яғни, өлкемізде шығарылатын ақпен біз 1 млн 700 мың адамды қамти алдық.

– Соңғы 3 жылда СҚО бойынша 12 сүт-тауарлы ферма ашылды. Биыл тағы 16 сүт кешенінің құрылысы жүргізіледі. Мақсат – жылдық сүт өндірісін 1 млн тоннаға дейін жеткізу.

Орындалған әр тапсырмамен бірге меже де өсуде. Солтүстік Қазақстан облысына аграрлы аймақ болу жеткіліксіз. Сөз тіркесі «аграрлы-индустриалды өлке» дегенге өзгеруі тиіс. Ол үшін жаңа кәсіпорындар, жаңа инвесторлар қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қалтасы қалың инвесторлар көп. Бізге оларды басты назарымызға алып, өңірге қаржы құюға көндіруіміз керек. Бізге индустриалдық аймақтар үшін жаңа жер телімдерін бөлудің қажеті бар ма? Одан да тұралап қалған кәсіпорындар базасында қаңырап бос тұрған ғимараттарды қайта қалыпқа келтіріп, өндірісте пайдаланыңыздар.

Тапсырма жүктелді және көп ұзамай орындалды. Өлкеге қалталы азаматтар қыруар қаражат құйып, осыған дейін импортталып келген сан түрлі тауар өндірісі өңірімізде іске қосылды. Бүгінде сабын мен биг бег қаптары өзімізде шығарылады. Құрылысқа аса қажет фанер жасау да жолға қойылған. Ол аз десеңіз, бидайды терең өңдеу қолға алынып, крахмал, глютен, балауыз бен биоэтанол өндірісі жанданды.

СҚ-ның инвестициялық климаты қолайлы екені тағы бір мәрте дәлелденді. 2019-да «Қызылжар» экономикалық аймағы құрылды. Бірден әлеуеті жоғары 3 жоба табылды. Биыл өңір диқандары Петропавлда жинақталған «Клаас» неміс компаниясының комбайндарын тізгіндейді. Ал келешекте тағы трактор мен себу кешендері де құрастырылады.

Бірақ, басты жаңалық – мынада. Заманауи техника жергілікті аграрийлерге 52 пайыздық жеңілдікпен бұйырмақ. Себебі, инвесторлар салық атаулының барлығынан босатылып, инженерлік желілер мемлекет есебінен тартылды. Қолайлы жағдай қазақстандық «Alageum electric» компаниясын да қызықтырмай қоймады. Экономикалық аймаққа 2022 жылдың ортасында қолданысқа тапсырылатын заманауи көпбейінді аурухана да кірді. Болашақ емдеу мекемесі тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, өңірдегі медициналық туризмнің дамуына септеспек.

Асхат Молжігітов – облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Аурухана 480 адамға шақталған. Одан бөлек, күндізгі стационарда 40 орын болмақ. 7 қабатты нысан онкологиялық, кардиологиялық, перинаталдық және көпбейінді орталықтардан тұратын болады. Сонымен қатар, ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталады.

Заманауи технологиялармен өзге де емдеу мекемелері қамтылуда. Өткен жылдың өзінде ғана бұл мақсатқа 12 млрд теңге бағытталып, материалдық-техникалық база МРТ, компьютерлік томограф, цифрлық маммограф, эксперттік класстағы ультрадыбыстық зерттеу, рентген және ангиографпен толықтырылды. Жағымдағы жаңалықтар легі мұнымен бітпеді.

– Петропавлда ноутбук шығарылады. Киров атындағы зауыт жыл басынан қытайлық компаниямен келіссөз жүргізіп, гаджеттерді құрастыруды қолға алған болатын. Жазда жергілікті инженерлер Аспан асты еліне тәжірибе жинақтауға барса, енді шетелдік мамандар Петропавлға келді. Қос тарап бірлесіп, алғашқы 50 бірдей сынамалық ультрабук құрастырды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Иә, бұған сену қиын еді. Бірақ, айтылған сөз – атылған оқпен тең, біздің жағдайда ол – орындалған іс. Киров атындағы зауыт ноутбукпен ғана шектелмеді. «ЗИК» маркалы техниканың қатары тағы мынадай компьютер және планшеттермен толықты. Заман игілігімен алдымен жергілікті мектеп оқушылары, кейін тіпті елордалық мемлекеттік органдар да қамтылды. Кәсіпорын өткен жылы барлығы 54 мың компьютерлік техника жинап, оның 48 мыңын саудаға шығарыпты.

Кәсіпорынға 2 млрд теңгеден аса қаржыға қондырғылар сатып алынған болатын. Ал Петропавл ауыр машина жасау зауытын жаңа деңгейге шығару үшін 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 8 сағаттап білдек басында тұрып еңбектенгендердің жұмысы жеңілдеді. Әрі шаруа да жеделдей түсті. Жаңартудан өндіріс ошақтарынан бөлек, білім ұялары да өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 142 мектеп жаңарса, биыл 107 білім ошағы жөнделді. Осылайша, 2 жыл ішінде біз өңір мектептерінің жартысын жаңарттық.

Өңір бойынша су жаңа 3 білім ошағы бой көтерді. Қазір Петропавлда тағы біреуінің құрылысы жүріп жатыр. Осылайша, мектептерде үш ауысымды оқыту мәселесі түбегейлі шешілді.

Сайран Мұстафина – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің директоры:

– Бұл мектепте балалар бір кезекте оқитын болады. Ал екінші кезекті оларға қосымша білім беруге қолданатын боламыз.

Жаңа мектеп, теннис орталығы және оқушылар мен спорт сарайы. Бұл бір ғана Жас Өркендегі өзгерістер. Бүгінде қаламыздың оңтүстік-батыс қақпасынан кірген қонақтарды еңкіш тартқан жер үйлер емес, сәулетті ғимараттар қарсы алады. Иә 4 жыл ішінде Бұрын ДСР деп аталған ықшам ауданның аты ғана емес, заты да жаңаланды.

Көз қуантарлық өзгерістер шаһардың түкпір-түкпірінде орын алды. Қаланы көркейтуге соңғы 4 жыл ішінде бюджеттен 6 млрд тг бағытталды.

4 жылдың ішінде Петропавлда:
– 386 аулаға асфальт төселді;
– 45 тегін тұрақ жасалды;
– 361 балалар алаңқайы салынды;
– 40 көше бойына 6500 жарықдиодты шам орнатылды;
– 13 саябақ пайдалануға берілді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қала тұрғындары мен қонақтарының тағы бір арманы орындалды. Осыған дейін жолаушылар шабаданды 1-ші қабаттан 3-шіге көтеріп, поезға міну үшін жүгін қайта түсіріп біраз машақат көретін. Алайда, бұл ыңғайсыздық та енді ұмыт қалмақ. Теміржол вокзалы жаңғыртудан өтіп, заманауи талаптарға сай жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өзгерістерге көзіміз үйренгені рас. Бірақ, артқа қарап, атқарылған шаруаға көз жүгіртсек әр саланың өркендеп жатқанын көреміз. Өңір спортының қарқыны да бұрынғыдай емес, басқаша. Бүгінде облыс бойынша 16 дене-шынықтыру-сауықтыру кешені бар, олардың 11-і ауылдағы ағайын үшін тұрғызылды. Тағы жақын келешекте 5 спорттық нысан пайдалануға беріледі. Жабық үлгідегі 3 хоккей корты қолданысқа тапсырылды, 2-уінің құрылысы жүріп жатыр, тағы 7-уін тұрғызу жоспарда бар. Ал жоспар біздің өңірде орындалады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2018 жылдың басында облыстық бюджеттің көлемі 165 млрд теңгені құрады. Биыл меже 330 млрд теңгеге жетті. Яғни, 3 жылдың ішінде біз өңір қазынасындағы қаражатты 2 есеге арттыра алдық.

Бұнымен әр сектордағы оң динамика тоқтап қалмайды, бұл тек басы ғана…

Эльмира Сәдуақасова