Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барып қайтты

Былтыр Жамбыл ауданында бір гектардан 6 жарым центнер ғана өнім алған жағдайлар кездескен. Ал «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы қолдау алуға 2-ақ адам өтініш беріпті. Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов  көрсеткіштердің төмендігін айтып, іскер жандардың жұмысын сынған алды.

Бұл – Жамбыл ауданына қарасты Пресновка ауылындағы жиһаз жасау цехі. Қазір мұнда корпусты және жұмсақ жиһаздардың түр-түрі әзірленеді. Жұмысшылардың барлығы – өз істерінің шеберлері. Олар күн сайын тапсырыс қабылдап, түрлі дизайндағы дүниелерді жасап шығарады. Айтуларынша, хабарласатын жандардың қатары көп. Тіпті, қостанайлық көршілеріміз де Солтүстік Қазақстанда шығарылатын өнімдерге қызығушылық танытады екен.

Аян Қалабаев – шебер, Жамбыл ауданы:

– Әр түрлі тапсырыстарды орындаймыз. Диван, комод, шкафтарды жааймыз. Үйлеріне барып, өлшем алып та жасай береміз.

Цех осыдан 3 жыл бұрын толық қуатта жұмысын бастады. Қазір мұнда 13 адам еңбек етіп жатыр. Аудандағы алғашқы жиһаз жасау орнының негізін Владимир Лагода есімді азамат қалаған. Ол кәсібін 2005 жылы бастапты. Содан бері өндіріс көлемін біртіндеп арттырып келеді.

Владимир Лагода – кәсіпкер, Жамбыл ауданы:

– Жұмысты гаражымның ішінде бастадым. Петропавлдан шикізат әкеліп, шкаф, диван секілді жиһаз түрлерін жинадым. Қасымда бір көмекшім болды. Кейін тапсырыс көлемі артты. Осылайша, біз тұрған бұрынғы мына дүкеннің ғимаратынан бөлме жалдадым. Онымен де тоқтап қалған жоқпын. Уақыт өте келе нысанды толық сатып алдым. Одан бөлек, дүкеннің қасынан 2 бірдей цех аштым.

Бүгін кәсіпорынға облыс әкімі келді. Өңір басшысы мамандардың жағдайын сұрап, жұмыстарымен танысты. Жалпы, қызметкерлердің жалақысы жақсы. Әрқайсысына кем дегенде айына 100 мың теңгеден төленеді екен. Құмар Ақсақалов кәсіпкердің ісіне оң бағасын берді және оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Айта кетейік, мұндағы шеберлер шикізат ретінде ЛАЖТ материалы мен қарағайды пайдаланады. Осы орайда аймақ басшысы іскер жанға басқа да материалдарды қолдануға кеңес берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз санитарлық тұрғыда жыл сайын 500 мың шаршы метр ағаш кесеміз. Оның бәрін үй жылытудан бөлек, басқа да пайдалы мақсаттарға жұмсауға болады. Жақында өңірімізге газ келетін болса, қайыңға деген сұраныс та азаймақ. Егер сіз сол ағашты пайдаланып, өзге де түрлі затты дайындағыңыз келсе, біз сізге көмектесуге дайынбыз.

Кейін Құмар Ақсақалов аудандық әкімдікке ат басын бұрып, басқа да кәсіпкерлермен жүздесті. Шара барысында аудан әкімі өткен жылда атқарылған жұмыстарды айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады және алдағы жоспарларымен бөлісті. Баяндамаға сүйенсек, былтыр Жамбыл ауданында 48 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген, жалпы негізгі капиталға шамамен 8,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Құрылыс саласы да жыл сайын дамып жатқан көрінеді.

Марат Ескендіров – Жамбыл ауданының әкімі:

– Биыл біз Благовещенка ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмысын жүргізбекшіміз. Ауданда 3 ауылда медициналық пункт саламыз. Сондай-ақ, Жамбыл мен Жаңажол елді мекендерінде мобильді интернет сапасын жақсартамыз. Ал Баян, Озерное мен Казанка ауылдарына жоғары жылдамдықтағы интернет желісін тартамыз.

Былтыр Жамбыл ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға ғана өскен екен. Мұны аймақ басшысы өте аз көрсеткіш деп бағалады. Осы орайда Құмар Ақсақалов диқандар мен фермерлерге өз жұмыстарына салғырт қарамау керектігін қатаң ескертті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жұмыс істеу керек. Агротехнологияның сақталуы қадағаланбайды, минералды тыңайтқыштар толық көлемде себілмейді. Соның салдарынан дамымай жатырсыздар. Араларыңызда 1 гектардан тек 6 жарым центнер өнім алған кәсіпкерлер ғана бар екен. Бұл деген тіпті ұят емес пе? Мемлекеттен қаншама қолдау көрсетіліп отыр. Соның өзін дұрыс пайдалана алмай жатырсыздар.

Былтыр облысымыздағы ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан 53 млрд теңге субсидия бөлініпті. Бұл – үлкен сома. Ал Жамбыл ауданынан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы қолдау алуға 2 адам ғана өтініш берген екен. Осы мәселе жөнінде де аймақ басшысы кәсіпкерлерді қатты сынға алды. Ал іскер жандар болса жіберген олқылықтарының орнын толтырып, биыл шығымдылық көлемін арттырамыз деді.

Асан Бекназаров – кәсіпкер, Жамбыл ауданы:

– Нұр-Сұлтан қаласынан келдік. Биыл мұнда 3-шы жыл қызмет етіп жатырмыз. Бидай, арпа, зығыр, рапс пен қарақұмық егеміз. Өнімді елімізден бөлек, Ауғанстан, Тәжікстан елдеріне де экспорттаймыз. Былтыр орташа есеппен гектардан 10 центнер өнім алдық. Минаралды тыңайтқыштарды сеппейтінбіз. Биыл енді қолданамыз. Сонымен, қатар жаңа техникаларға да тапсырыс беріп қойдық. Алдағы уақытта сүт өндірумен айналысуды жоспарлап отырымын.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жаңа жетістіктермен басталуы тиіс. Сол үшін іскер жандар ерінбей адал еңбек етулері қажет. Егер олай болмай жатса, жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, басқа кәсіпкерлерге береміз деді Құмар Ақсақалов. Сондай-ақ, аймақ басшысы ауданда сүт-тауарлы кешендерді көптеп ашу керектігін тапсырды.

Бердімұрат Баймұқан