Спорт

Аудан құрамалары арасында хоккейден “Солтүстік-2021” турнирі өтуде

Өңірде аудан құрамалары арасында “Солтүстік-2021” турнирінің  шайбалы хоккейден іріктеу ойындары өтуде. Сенбі күні Мамлютка қаласында жергілікті, жамбылдық және аққайыңдық спортшылар сынға түсті.

Имектаяқшылар арасындағы кездесулер осыдан екі ай бұрын ғана қолданысқа берілген “Tarlan” мұз айдынында өтуде. Қазір жергілікті ойыншылар мен Жамбыл ауданының спортқа жақын өкілдері өзара мықтыны анықтау үстінде. Қос құрама ә дегеннен-ақ бір-бірінің қақпасынан саңылау тауып, есеп ашуда. Әр соғылған шайбыға жанкүйерлер де қуанып, бөріктерін аспанға атуда.

Кездесуге берілген уақыт аяқталды. Тартысты бәсекеде айдын иелері 7 де 4 есебімен жеңіске жетті.

Марат Тұрсынов – «Tarlan» командасының капитаны, Мамлют ауданы:

– Қарсыластарымыз жақсы ойнады. Қос құрамаға да жас ойыншылар жетіспейді. Айдында қарсылас болсақ, күнделікті – өмірде доспыз. Алдағы ойындарда да жеңуге тырысамыз.

Жалпы, “Солтүстік-2021” спорттық іс-шарасында аудандық 13 хоккей командасы бақ сынауда. Олар демалыс күндері 3 топқа бөлініп, 3 ауданда өзара финалдық кезеңге жолдаманы сарапқа салды.

Сергей Мелехов – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Мамлюткадан бөлек Ғ.Мүсірепов пен Қызылжар аудандарында де кездесулер өтуде. Финалдық кезеңге жолдама алған мықтылар осы жылдың желтоқсан айында Тайынша ауданында бәсекеге түседі.

Мамлютка қаласында ақтық кезеңге жергілікті ойыншылар мен аққайындықтар ғана жолдама алды. Айта кету қажет, қос құрама арасындағы ойын 12 де 3 есебімен қонақтардың пайдасына шешілген болатын.

Алдияр Айтпаев