Құқық қорғау органдары

Полицейлер жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

Жыл басынан бері облыс аумағында 2 тонау фактісі тіркелген. Біріншісі қаладағы жанар-жағармай құю бекетінде орын алды. Пысықайлар нысан ішінен 50 мың теңге көлемінде ақша шығарып алған. Ал тағы бір жағдай шаһардағы ломбардтардың бірінде болды. Полицейлер жарты млн теңгенің алтын алқасын қолды қылған ұрыны құрықтады. “Тәртіп сақшылары қылмыстың бетін ашуда бейнебақылау камераларының алатын үлесі зор”,- дейді. Заман игілігінің тиімділігін бизнес өкілдері де растап отыр.

Несібелі Әлімқұлова – ломбард директоры:

– Біздің барлық офистерімізде бейнебақылау камералары орнатылған. Одан бөлек, күзетшілер мен дабыл түймесі де бар. Ломбардтарымызда ірі құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Тек бір азамат ұрланған бұйымды тапсырған жағдай болды. Қылмыстың беті бірден ашылды.

Жалпы, өткен жылы өңірде бейнебақылау камераларының көмегімен 900-ге жуық қылмыстың беті ашылды. Биыл 87 факті әшкере болған. Бүгінгі жиында тәртіп сақшылары іскер жандарға профилактикалық бағытта бірқатар кеңес берді. Нысан аумағына камера қойып, есікке магнитті құлып орнату қажеттігін айтты.

Айдын Байматов – СҚО ПД ЖПҚБ бастығы:

–  Полиция қызметкерлері бизнес-объектілерді үнемі тексеріп отырады. Тексеріс барысында олықылықтар анықталса, нысан басшыларына ескерту жасалады. Кемшіліктердің дені күзет пен бейнебақылау камераларына қатысты.

Жиын барысында тәртіп сақшылары интернет-алаяқтық фактілеріне тоқталды. Өткен жылы өңірде мұндай 500-ге жуық жайт тіркелген. Жыл басынан бері 139 факті орын алса, оның 23-і кредит рәсімдеуге қатысты. Осы ретте мамандар шағын несие беретін ұйым басшыларын қарыз алу шарттарын күшейтуге шақырды.

 

Жанна Бисенова