Денсаулық сақтау

Облыстық мәслихатта денсаулық сақтау саласындағы мәселелер талқыланды

Отырысқа облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қаладағы емханалардың бас дәрігерлері жиналды. Басты тақырып – медицина саласында цифрлық технологияларды қолдану. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы цифрландыру бөлімінің басшысы Еркебұлан Баязитов өңірде медициналық ақпараттық жүйелердің жақсы деңгейде жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Еркебұлан Баязитов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінде облыс аумағында 2 медициналық ақпараттық жүйе бар. Олар «Даму» және «Надежда» деп аталады. Бұл жүйелерді дәрігерлер компьютермен жұмыс істеу барысында пайдаланады. Ал қаралушылар арнайы мобильді қосымшаларды қолданады. Олардың көмегімен әр тұрғын аз уақытта маманның қабылдауына жазыла алады. Және қажет болса, оны үйіне де шақыруға мүмкіндік бар.

Зейнеткерлерді көбінесе сараптама қорытындысы көгілдір экран арқылы қаралатыны мазалайды екен. Айтуларынша, белгілі бір диагнозға қатысты компьютерде 20-ға жуық емдеу шарасы көрсетілген. Соған сүйенген дәрігерлер бірін алып жазып береді дейді. Осы орайда алдыңғы толқын өкілдері: «Ол емнің адамға пайдасы бола ма, жоқ па?» соған көз жеткізулерін сұрайды.

Амангелді Кенжегузинов – СҚО ардагерлер кеңесінің жанындағы тұрақты комиссия төрағасы:

– Қазір «Узкая специализация» деген бар. Уақытында терапевтке, невропатологқа, көз, құлақ, тағы басқа мәселелерді шешу үшін тізімге тұру керек. Ал тізім бойынша қашан қабылдайтынын білмейміз. Ал зейнеткерлерге көп уақытқа созбай, оны емдеу керек.

Бұл сұрақтарға №3 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Ташетова былай деп жауап берді.

Әлия Ташетова – №3 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Тар бейінді мамандарға жазылу үшін пациент алдымен учаскелік дәрігерге көрінуі керек. Кейін оның бағыттауымен терапевтке немесе невропатологқа қарала алады. Қазір біздің емханада ғана емес, жалпы облыста тар бейінді мамандар аз. Олар адамдардың барлығын бір уақытта қабылдай алмайды. Алайда, әкім грантымен оқып жүрген студенттер кейін бізге жұмыс істеуге келеді деген ниеттеміз.

Сөз соңында Әлия Ташетова жазда 3-ші қалалық емханаға оңтүстік өңірден жас мамандар келетінін айтты.

 

 

 

 

 

 

Алтынай Казиканова