Сабақтан кейін курсанттардың басым бөлігі осы залға жиналады екен. Олардың бірі еркін күреспен, екіншісі жекпе-жекпен айналысады. Жігіттер жаттығуды бастамас бұрын ең алдымен белсене қимылдап, денелерін қыздырып алады.
Спортшы жігіттер жарыстарға да жиі қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Соңғысы ақпанның 27-і мен наурыздың 3-і аралығында Талдықорған қаласында ұйымдастырылған. Онда 4-ші курс курсанты Мадияр Жұмағұлов жекпе-жектен өткен ел чемпионатында бағын сынапты. 60 келі салмақ дәрежесінде 4 бірдей кездесу өткізген. Қарсыластарының 2-еуін техникалық нокаут арқылы уақытынан бұрын жеңсе, қалған 2-еуін ұпай сандары бойынша ұтыпты. Осылайша, 21 жастағы жігіт қанжығасын 1-ші орынмен майлап, өңір намысын абыроймен қорғап қайтқан.
Мадияр Жұмағұлов – ҚР Ұлттық ұлан ӘИ курсанты, жекпе-жектен спорт шебері:
– Чемпионатқа 3-4 ай көлемінде дайындалдық. Тынбай жаттығып, спаринг өткіздік. Толық әзір болып бардық. Сондықтан осындай дәрежеге қол жеткізіп отырмыз. 3-еуі басқа облыс спортшылары, 4-шісі – бір институтта оқитын жолдасым.
Мадиярдың соңғы қарсыласы Бақтияр Мұратбек болыпты. Ол әскери институттың 3-ші курсында білім алады. Бұл спортшы да 3 кездесуін сәтті аяқтаған. Алайда, соңғысында Мадиярға есе жіберген. “Жолдасыма жеңілгеніме еш өкінбеймін”,- дейді курсант.
Бақтияр Мұратбек – ҚР Ұлттық ұлан ӘИ курсанты, жекпе-жектен спорт шеберлігіне үміткер:
– Осы институтқа түсер алдында Қазақстан чемпионатында 3-ші орын алған едім. Кейін, алдыма мақсат қойдым. Үлкен белестерді бағындырамын дедім. Ел чемпионаты болған соң барлық спортшы жақсы дайындалып келген.
Жалпы, 18 бен 21 жас аралығындағы спортшылар арасында ұйымдастырылған сайысқа елдің түкпір-түкпірінен жиналған 300-ге жуық адам қатысқан. Оның 5-еуі – Петропавлдағы Әскери институттың курсанттары. Мадияр мен Бақтиярдан бөлек, Ерден Нұрланұлы да жүлдегерлер қатырынан көрінді. Ол 80 келі салмақ дәрежесінде 2-ші орын иеленді. Темірдей тәртіпке үйренген жігіттер жекпе-жек, еркін күрестен бөлек, спортттың басқа да түрлерімен белсенді айналысады екен.
Ерлан Байымбетов – ҚР Ұлттық ұлан ӘИ спорт және дене шынықтыру кафедра бастығының орынбасары:
– 19-шы спартакиада жоспарына сәйкес, біздің курсанттар «Қысқы Президенттік көпсайыс», гір көтеру, жекпе-жек, әскери қолданбалы ойындар, регби, штаттық қару сынды спорт түрлерімен айналысады. Бұл жігіттерге қызмет барысында керек болады.
Айта кеткен жөн, ел чемпионы атанған Мадияр Жұмағұлов енді Өзбекстанның Ташкент қаласында ұйымдастырылатын әлем чемпионатына қатысады. Байрақты дода мамырда өткізілмек.
Маржан Касымбек