Құқық қорғау органдары

Тергеушілер мен анықтаушылар істі электронды форматта жүргізуде

Үстіміздегі жылы облыста мыңға тарта қылмыстық құқықбұзушылықтың 800-ге жуығы электронды форматта анықталған. Бұл тергеп-тексеру жұмыстарының мөлдірлігін қамтамасыз етеді әрі маманның уақытын үнемдеуге септеседі.

Жедел, заманауи және тиімді. Солтүстікқазақстандық тергеушілер мен анықтаушылар қылмыстық істердің ақ-қарасын анықтау жұмыстарын компьютер арқылы жүргізуді жалғастыруда. «Заңбұзушылықтарды бұрынғыдай қағазбен жұмыс істегеннен гөрі электронды форматта анықтау, қорытынды шығару әлдеқайда ыңғайлы»,- дейді тәртіп сақшылары. Алайда, тың жүйеге дағдылану барысында сәл қиындықтар туындайтын көрінеді.

Дәния Сейітова – СҚО ПД тергеу басқармасының аға тергеушісі:

– Электронды қылмыстық іс модулінде жұмыс істеу үшін екі монитор керек. Оның бірі – қылмыстық қудалау органына, екіншісі іске қатысы барлардың тергеу барысының әділеттілігін бақылап отыруы үшін қажет. Сондай-ақ, тергеу жүріп жатқан іске қатысты тұлғалардың тиісті қол қоюларына арналған стилус пен планшет және саусақ ізін тексеруге арналған датчик те бар.

Қазіргі таңда облыстың полиция бөліністерінде 138 тергеуші мен 43 анықтаушы еңбек етуде. Бүгінде заңбұзушылықтардың 80 пайызы электронды форматта тексерілу үстінде. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 954 қылмыстық құқықбұзушылық сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Оның 772-сі электрондық форматта анықталған.

Сергей Табарин – СҚО ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

– Жалпы, қылмыстарды сотқа дейін тергеп-тексеруді электронды форматта жүргізу өте тиімді. Өйткені, бұл тергеудің мөлдірлігін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде басшылық тергеу барысын қадағалап, анықтаушы мен тергеушілерге нұсқау береді.

Қазіргі күні тергеушілер мен анықтаушылардың «Электронды қылмыстық іс» модулінде қолайлы жұмыс жасай алулары үшін 134 жұмыс орны құрылған. Алдағы ювеналды полиция, жедел уәкілдер, учаскелік полиция инспекторлары мен өзге де бөлім қызметкерлері үшін де уақытта арнайы электрондық кеңістікте жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылмақ.

Дана Ешкенова