ТЖ

СҚО-да өткен аптада 15 өрт оқиғасы болды

Өткен аптада өңірде 15 өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалынның кесірінен 3 адам қаза тауып, 1 кісіні күйік шалды. Өкінішті жайттардың барлығы отты дұрыс пайдаланбаудан туындаған. Қарапайым қауіпсіздік ережесіне немқұрайлы қараудың салдарынан жексенбі күні Қызылжар ауданында газ баллоны жарылып, баспана мен аулада тұрған көлік жанып кетті.

Оқыс оқиғалардың бірі наурыздың 7-сі күні Қызылжар ауданында орын алды. Мұнда Надежка селосында орналасқан тұрғын үй отқа оранды. Өрт сөндірушілер келгенше қызыл жалын бас көтерген баспанадағы газ баллоны жарылған. Салдарынан аулада тұрған ВАЗ көлігі мен үй түгел жанып кетті. Өрттен 1 адам зардап шекті. 84-ші жылы туылған үй иесінің қолдарын күйік шалған.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– От қауіпсіздік ережесін сақтамағаннан туындаған. Үй иесі темекі шеккен, кейін темекінің қалдығын терезенің алдына тастап кеткен. Оны өзі де мойындап отыр. Ауыл тұрғыны ауруханаға барудан бас тартты. Қазіргі күні ол кісінің жағдайы бірқалыпты.

Мамандар қалың қардың кесірінен діттеген жерге дер кезінде жете алмай, магистралды жолақ тартуларына тура келіпті. Осылайша қызыл жалынды зорға дегенде сөндірген.

Ахметхан Тобылбаев – Қызылжар ауданы әкімдігі аппаратының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау жөніндегі бас инспекторы:

– Сол күні қар тазалаушы техникалардың басым бөлігі Надежка селосының маңындағы Боголюбово ауылында жұмыс жасады. Үй өртенгені жайлы ақпарат түсе сала, бірнеше көлік 10-15 минуттың ішінде өрт сөндірушілерге жетіп, жолды ашып берді.

Сондай-ақ, соңғы 2 аптаның ішінде төңірекке 3 айдың қары жауды. Оның салдарын боран еселей түсті. Осы орайда құтқарушылар тұрғындарға сақ болу қажеттігін ескертеді. Мамандар өткен аптада жолда қар құрсауында қалып қойған 200-ге жуық адамды құтқарған.

Дана Ешкенова