МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау артады

Қазақстан азық-түлікпен өзін-өзі қамтуы тиіс. Пандемия салдарынан шекаралар жабылғанда бірқатар кемшіліктердің беті ашылған еді. Соның бірі импорт үлесінің көптігіне қатысты. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі мәселені шешуге кірісті. Жауапты ведомство аграрлы салада тауар өндірісімен айналысатындарға жаппай қолдау танытпақ. Мемлекеттік көмек, әсіресе, импортты алмастыратын өнім түрлеріне басымдық беретін кәсіпкерлерге көптеп көрсетіледі. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ішкі нарықтағы бос орындарды атап өтті. Бүгінде тауық еті, шұжық, ірімшік, сүзбе, балық пен қанттың өндірісі ақсап тұр. Тіпті, тұрғындарды алмамен қамтуда да проблемалар бар. Дәл осы әлеуеті жоғары бағыттарды қолған алғандарға мемлекеттік қолдау үйіп-төгіп берілмек. Атап айтқанда, жеңілдетілген кредит пен субсидия беріледі, инфрақұрылымды тартуға көмек көрсетіліп, жер телімін де үлестіру көзделген.

Сәуле Молдабаева – ҚР АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры:

– 2024 жылға дейін ел бойынша 19 құс фабрикасын, 9 ет өңдеу және 1 қант кәсіпорнын іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, жыл сайын 5 сүт-тауарлы ферманы қолданысқа тапсырмақпыз. Мақсат жүзеге асса, қант бойынша сұраныс – 70 пайызға, қалған өнімдер бойынша 100 пайызға қамтылмақ.

Маржан Қасымбек