МТРА жаңалықтары8 Наурыз

Шен таққан нәзікжандылар

Оксана Вышар 164/6 мекемесінде бөлім бастығы болып еңбек етеді. Оның міндеті сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізу. Дене жаттығуларын жасату, үйірмелерге тарту, концерттерге дайындау. Тағы, күн тәртібінде әңгіме жүргізу де бар.

Маманның сөзінше төрт қабырғаға қамалып, күйзеліске түскен жан белгілі бір іспен айналысса, уақытын тиімді өткізеді әрі көңілдерін аулайды, тәрбиелене түседі. Бұл мекемеде Оксана Вышардың еңбек етіп жүргеніне 4 жыл болыпты. Ал бұған дейін нәзікжанды 7 жыл бойы Тимирязев аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеген.

Оксана Вышар – ЕС-164/6 мекемесінің бөлім бастығы:

– Бала кезімде журналист болуды армандадым. Алайда, өсе келе арманым өзгерді. Осылайша 2007 жылы мектепті бітіре сала қостанайлық академияға оқуға түстім. Қолыма диплом алған соң, ювеналдық полиция бөлімінде қызмет еттім. Қазір түзету мекемесінде тер төгіп жүрмін. Жұмысым қиын, жасырмаймын. Бірақ, өзіме ұнайды. Бүгінде жұмысым өз нәтижесін беріп жатыр. Менің бақылауымда болған жандар тәртіпке келуде, тіпті, мерзімінен бұрын бостандыққа шығып жатқандар да бар.

Оксана Вышар қызметіне адал маман ғана емес, әлемдегі ең әдемі ана деген атқа ие. Ол бүгінде 1 бала тәрбиелеп отыр. Оксана Попова да құқық қорғау саласында еңбек етеді. Жерлесіміз қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны штабының бастығы. 100-ге тарта тәртіп сақшысына жетекшілік етеді.

Оксана Попова – Петропавл қаласы ПБ ППБ штаб бастығы:

– Мен құжаттармен де жұмыс жасаймын. Нақтырақ айтатын болсам, лауазымдық міндетіме бүкіл солтүстікқазақстандық азаматтардан келіп түскен шағымдарды, хаттарды, өтініштерді қарау кіреді. Сондай-ақ, облыстық жолдардағы апаттарға талдау жүргізіп тұрамын. Әрине, жұмыс оңай емес. Дегенмен, басты мақсатым – әр азаматтың құқығын қорғау.

Оксана Попова әріптестері арасында сыйлы. Оның жұмысын мамандар жоғары бағалап, Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Алмас Серкешов – Петропавл қаласы ПБ ППБ аға инспекторы:

– Жұмыс кезінде өте талапшыл. Біздің батальонда ер адамдардың арасындағы жалғыз нәзікжанды. Дегенмен де әрдайым көмек көрсетуге дайын тұрады. Ерте демейді, кеш демейді, жұмыста жүреді. Жұмысын жақсы біледі. Оксана Попованы өзіміз қатты сыйлаймыз. Бүкіл ұжымның атынан рахмет айтып, 8 Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!

Жалпы, бүгінде өңірімізде Ішкі істер органдарында 750-ден астам әйел адам еңбек етеді.

 

 

 

Дана Ешкенова