Шара полиция департаменті оркестрінің орындауындағы әуенмен басталды. Музыканы залға жиналған ардақты да аяулы әйелдер қауымы сүйсіне тыңдап отыр. Олардың барлығы – қоғамның тыныштығы жолында тынбай еңбек етіп жүрген шенділер. Бүгін кейбірі қызметтік формаларын әдемі көйлекке ауыстырыпты. Жауапты қызметтің жүгін арқалаған нәзікжандыларды өңірдің бас полицейі Марат Төлебаев шуақты мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Шен таққан қыз-келіншектер қандай құрмет-қошеметке болсын лайық. Ерлермен иық тірестіре жұмыс істеу, қылмыстардың бетін ашу, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіптің сақталуын қадағалау. Бұл – полицейлер атқаратын істің бір парасы ғана.
Динара Айтқожина – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:
– Менің ішкі істер органдарында еңбек етіп жүргеніме 20 жылдан астам уақыт өтті. Жұмысыма зор жауапкершілікпен қараймын. Тәртіп сақшысы болуды бала кезімнен армандадым. Арманыма қол жеткіздім. Қызмет барысында көші-қонға қатысты құжаттармен айналысамын, тұрғындармен тілдесемін.
Бүгінгі кеш мереке иелерінің есінде өзінің ерекшелігімен ұзақ сақталмақ. Нәзікжандылар жанында – қос картинадан. Сол жақтағы туындылардың бәрі көпшілікке таныс деуге болады. Суреттерді әлемге әйгілі суретшілер салған. Екінші жұмыс алғашқысына сәйкестендіріліп, бірақ, тың технологияның көмегімен жасалыпты. Онда мамандардың бет-бейнесі бейнеленген. Мысалы,
Еркегүл Басыбаеваның түр-әлпеті атақты Леонардо да Винчидің “Мона Лиза”-сына ұқсас қылып салынған.
Еркегүл Басыбаева – Петропавл қаласы ПБ учаскелік аға инспекторы:
– Бұл – әйгілі Лиза Джокондо ханымның портреті. Картина мені өз құпиялылығымен қызықтырды. Себебі, Мона Лизаның күлкісі біріне жасанды болып көрінсе, енді біріне тіпті күлімдемей отырған болып көрінеді. Фотосессияға бір аптадай дайындалдық. Образды жасауға орыс драма театрының мамандары көмектесті.
Мұндай бастама биыл алғаш рет қолға алынып отыр. Галерея әзірлеу туралы идеяны бәрі бірауыздан қолдапты. Кейін бұл туындылар ведомстволық музейге қойылады. Айта кетейік, бүгінде полиция департаментінде 400-ге жуық нәзікжанды тер төгуде.
Александр Майер – СҚО ПД кадр саясаты жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары:
– Бүгінде полиция департаментінде 374 әйел адам жұмыс істейді. Оның 14-і жетекшілік қызмет атқарады. 100-ге жуығы – әкімшілік мемлекеттік қызметші. Қалғандары – ерікті-жалдамалы қызметкерлер. Нәзікжандылар криминалдық полиция, қылмыстық тергеу бөліміндегі қиын қызметтерді абыроймен атқарып жүр. Әрқайсысы – өз ісінің нағыз маманы.
Бүгінгі мерекелік кеште қызметте ерекшеленген 50-ге жуық нәзікжанды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Құрмет грамотасымен және түрлі дәрежедегі медальдармен марапатталды. Кейін жиналған қауым арнайы ұйымдастырылған концертті тамашалады.
Жанна Бисенова