8 Наурыз

Ардагер нәзікжандылар құрметке бөленді

Әдия Ысқаққызы – білім саласының ардагері. 40 жылдық тәжірибесі бар. Талай жыл мектеп басқарған, жергілікті университетте сабақ берген. Әдия ханымның білімін алған студенттер қазір түрлі жерде қызмет етіп жүр.

Әдия Ахметова – СҚО құрметті ардагері:

– Ұлттық кадрларды көтерді, қолдады. Білімім мен талпынысыма байланысты партияға жұмысқа ұсынды. Біраз қызмет еттім. Мәскеуде оқуды тәмамдадым.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Әдия Ысқаққызы қошеметке бөленді.

Білім, спорт, мәдениет, ішкі істер органдары. Залға жиналған абзал жандардың барлығы өңіріміздің дамуы үшін қызмет еткен.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

–  Әр саладан бір-бір адамнан алдық. Осы ұжымның алдында, үлгі болатындай жүріп өткен жолы бар мамандарды бүгін ұлықтап жатырмыз.

Нәзікжандылар марапатқа бөленіп, алғыс та айтылды. Кезек мерекелік концертке де келіп жетті. Сахна төрінде биші қыздар мың бұралып биден шашу шашуда. Бұл – «әл-Фараби» мектеп-лицейінің өнерлі оқушылары. Талантты жастар мерекелік нөмірді аналар мен әжелерге арнайы әзірлеген екен.

Облыс бойынша жалпы 105 мыңнан астам түрлі сала ардагері бар. Олардың 1 мыңы бүгінде қоғамдық істерге белсенді ат салысып жүр.

 

 

 

 

 

 

Дана Ешкенова