БілімБалалар

Пәнаралық олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындыланды

4 күн бойы өткен сынақ артта қалды. Бүгін үздіктерді марапаттайтын күн. Кімнің бағы жанды? Әзірге, ол белгісіз. Қатысушылар толқып тұр. Алина Визигина Явленка селосындағы Т.Позолотин атындағы №1 орта мектебінде 11-ші сыныпта оқиды. Мектепішілік және аудандық кезеңдерден сүрінбей өтіп, олимпиаданың облыстық кезеңінде бағы мен алған білімін сынады. Орыс тілді мектеп оқушылары арасында қазақ тілінен қатысқан.

Алина Визигина – Т.Позолотин атындағы №1 орта мектебінің 11-сынып оқушысы, Есіл ауданы:

 – Бұл кезеңде мен эссе жазып, оқылым және грамматикалық тапсырмаларды орындадым. Осы сынды олимпиадаларға 7-ші сыныптан бері қатысып келемін. Бұған дейін екі рет 2-ші орынды жеңіп алдым.

Алинаның жолы болды, ол 1-ші орынды жеңіп алды. Енді республикалық кезеңге дайындалады.
Жалпы, мектеп оқушылары арасында өткен пәнаралық олимпиаданың облыстық кезеңіне 500-ден астам жеткіншек қатысты. 9, 10, 11-ші сынып оқушылары 16 пәннен білімдерін сынады. Соның бірі – Өзін-өзі тану. Бұл пән олимпиада тізіміне биыл ғана қосылып отыр.

Роза Сәркен – СҚО білім басқармасының білім саласындағы ақпараттық технология мен әдістемелік жұмыс орталығының директоры:

– Олимпиаданың облыстық кезеңді оффлайн форматта өтті. Дегенмен, адам көп шоғырланбас үшін білім додасын 4 күнге бөлдік. Үздіктерге дипломдар мен сертификаттар берілді. Республикалық кезең сәуірге жоспарланып отыр. Нақты қай қалада өтетіні белгісіз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша үздік атанған оқушылардың арасында «Білім-Инновация» лицейінің шәкірттері көп. Барлығы – 16 оқушы. «ЛОРД» мектеп-лицейінің оқушылары да осал емес. Мұнда 11 бала мықтылар қатарынан көрінген. Ғ.Мүсірепов пен Есіл аудандарындағы мектептердің жеткіншектері де жақсы нәтиже көрсетіп отыр.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев