Спорт

Х-шы қысқы гимназиаданың ашылу салтанаты өтті

Салтанатты шараның ашылуында алдымен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов сөз сөйледі. Ол еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген спортшыларды құттықтап, баршаға сәттілік тіледі.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл ел – киелі жер. Еліміздің солтүстік қақпасы. Бұл жерде ұлы ақын Мағжан Жұмабаев, жазушылар Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов дүниеге келген. Осындай киелі жерде сіздерді қарсы алып жатқанымызға қуаныштымыз.

Гимназиаданың ашылуында ақпан нағыз қырсық мінезін танытты. Солтүстіктің желі жиналғандардың барлығын тоңдырмай қоймады. Соған қарамастан спортшылар осалдық танытпай, мықтылықтарын көрсете білді. Екатерина Цай – биатлоншы. Ол жарысқа Алматы облысынан арнайы келіпті. 15 жастағы ару суық күнде додаға түсу қиындық туғызып жатқанын жасырмады. Соған қарамастан қарсыластарынан озып, үздік атануды көздеп отыр.

Екатерина Цай – гимназиадаға қатысушы, Алматы облысы

– Менің биатлонмен айналысып жүргеніме 2-3 жылдай болды. Бұл спорттың түрі қырағылық пен шапшаңдықты талап етеді. Алматыда күн жылы, бұл жақта қолымыз мен бетіміз тоңып жатыр. Бірақ, бізді Петропавлдың тұрғындары жылы жүзбен қарсы алды. Жалпы, сайысқа 2 аптадан артық дайындалдық. Үйімізге жеңіспен ораламыз деген үміттеміз.

Жеңіске жетуге ниетті жандардың қатарында жерлесіміз Аркадий Есман да бар. 19 жастағы жігіттің еті мұндай сайыстарға әбден үйренген. Себебі, ол 7-ші сыныптан бастап шаңғы тебумен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында талай сайыстарға барып, жүлделі орындарға қол жеткізген. Ашылу салтанатына қатарластарын қолдап, қарсыластарымен танысуға келіпті. Ол сынға 6 күннен кейін түспек.

Аркадий Есман – гимназиадаға қатысушы, СҚО:

– Гимназиадаға мықтылар жиналған екен. Қарсыластарымның тынбай дайындалғандары бірден көрініп тұр. Додаға 1 жыл көлемінде дайындалдым. Уақытымның біраз бөлігін осы алаңда өткіземін. Сайыстың Петропавлда өтіп жатқаны көңіл қуантады.

Қысқы гимназиада Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің 13 өңірінен 1300-ден астам жас өркен қатысуда. Қазіргі таңда аталған дода Нұр-Сұлтан және Петропавл қалаларында өтіп жатыр.

Тастанбек Есентаев – ҚР Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры:

– Спорттың 2 түрінен жарыс аяқталды. Нұр-Сұлтан қаласында конькимен жүгіруден және мәнерлеп сырғанаудан өтті. Конькимен жүгіруден Алматы қаласының балалары 1-ші орын алды. Ал қыздар арасынан Солтүстік Қазақстан облысының қыздары үздік деп танылды. Мәнерлеп сырғанаудан Алматы қаласының жас спортшылары жеңіске жетті.

Х-шы қысқы гимназиада наурыздың 12-сіне дейін жалғасатын болады. Доданың жабылу салтанаты еліміздің бас қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

 

 

 

Алтынай Қазиқан