Спорт

Теннис орталығында жеткіншектерге арналған бақылау жаттығулары өтті

Теннис орталығында ұйымдастырылған шағын жарысқа көкшетаулық жас теннисшілер де келді. Айғаным Адамова – солардың бірі. Көкше жерінен келген жеткіншектің бұл спортпен айналысып жүргеніне көп болмаған. Бұрын-соңды жарыстарға да қатысып көрмеген екен.

Айғаным Адамова – жас спортшы, Көкшетау қаласы:

 – Тенниспен айналысып жүргеніме 1 жыл болды. Күніне бір рет жаттығу жасайсың. Күнделікті жаттығуым 1 сағатқа созылады. Теннис – жылдам әрі әдемі спорт, сол себепті маған ұнайды. Теннистен басқа музыкамен айналысып, ағылшын тілін үйреніп жүрмін.

Жалпы, бұл шараға 50-ге тарта жеткіншек қатысуда. Олар жас ерекшеліктері бойынша 2 топқа бөлінген. Мысалы, 8 жасқа дейінгілер – қызыл доппен, ал 10 жастағылар жасыл доппен ойнайды. Айырмашылығы – доптың салмағында. Қызыл – жеңіл, ал жасылы ауырлау дегенді білдіреді.

Гумар Нұртаза – СҚО теннис федерациясы филиалының директоры:

– Теннис федерациясының аймақтық филиалы облысымызда биыл ашылды. Пандемияға байланысты ірі іс-шаралардан бас тартуға шешім қабылдаған болатынбыз. Сол себепті, жас спортшыларға арналған осындай бақылау жаттығуларымен, шағын жарыстармен шектеліп отырмыз.

Сайыста шетте қалған жасөспірімдер болмады. Барлығына шара соңында медальдар мен дипломдар және тәттілер табыс етілді. Ал ал үздік алтылыққа енген спортшылар алдағы уақытта өткізілетін жарыстарға қатыстырылады.

 

 

Алдияр Айтпаев