Қазақ жерінен пана тапқан түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры

Қоғам, Халық тарих толқынында

21:04 1 Наурыз 2021

1936 жыл. Батыс Украинадан 15 мың поляк пен неміс қазақ еліне күштеп жер аударылады. Олардың бір бөлігі – оңтүстік өңірлерге, қалғаны солтүстікке жіберіледі. Тура бір жыл өткен соң қиыршығыстық корейлер де сталиндік зорлық-зомбылықтың зардабын тартады. Еш жазығы жоқ қарапайым жұрт өз үйінен, жақын туыстарынан ажыратылып, туған жерінен қуылады.

Солтүстік Қазақстанның қаһарлы қысы. Онсыз да өз басына түскен ауыртпашылықтан қиналып жүрген қазақ халқы Үкіметтің қарсылығына қарамай, кәрістерді өз бауырына басады. Шағын ғана үйлеріне 2-3 отбасыдан кіргізіп, төрін ұсынады, бір үзім нанымен бөліседі. Ал баспанаға сыймай қалған жандарға амал жоқ, суықта қатып қалған жерді қазып, үңгір істеген. Осылайша, талай адамды ажалдан аман алып қалыпты.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Корей халқы біздің суыққа көп төзбеді. Олар біртіндеп оңтүстікке қаша бастайды. Үкімет органдарына хат жазып, күріш егуді сұрайды. Өлкеміздегі табиғат жағдайы оған келмейді ғой. Сондықтан, халықтың көбісі Алматыға көшіріледі.

Ал көшпегендер солтүстікте қалып, жергілікті тұрғындармен иық тіреседі. Қиындықты да, қуанышты сәттерді де бірге көріп, тіршілігін жалғастырады. Бірақ, көп ұзамай Екінші Дүниежізілік соғыс басталады. Қанды ұрыспен қатар, депортациялаудың келесі кезеңі жүреді.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Польша елін КСРО мен Германия екіге бөлген болатын. Сосын поляктар жер аударылады бастайды. Кейін 43-44 жылдары СҚО-на шешен-ингуш, карачай, балқар, қырым татарлары келеді.

Осылайша, Қазақстанға 20-шы ғасырдың бірінші жартысына дейін депортацияланғандардың саны 1 млн-нан асады.

440 мыңнан аса неміс
400 мың шешен-ингуш
100 мың корей
100 мың украин
60 мың поляк
45 мың карачай
25 мың грек
21 мың балқар
13 мың түрік
5500 күрд
4 мың татар
2500 қалмақ.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Тағдыр тәлкегіне түскен жандар НКВД, нақтырақ айтсақ, сол кездегі қауіпсіздік комитетінің қыспағына алынады. Олар туған жеріне қайта кете алмайды, сол бекітілген ауданнан басқа жерге көшулеріне қатаң тыйым салынады. Тек 44-ші жылы Еуропа елдерімен қарым-қатынасын жақсартқан польшалықтар ғана Отанына оралады. Ал 56-шы жылы “сталиндік режим” жеңілдеп, өзге ұлттардың да кіндік қаны тамған жерге қайтуларына рұқсат берілген екен.

Гүлбақша Мұсабаева – «Urpaq» қазақ-мәдени ағарту орталығы» ҚБ төрайымы:

– 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды. Дәл сол кезден депортация тереңірек зерттеле бастады. Бұрынғы Талдықорған облысында Үштөбе қала маңайында кәріс халқы қазақтарға алғыс айтып, ескерткіш орнатқан.

Діні мен дәстүрі бөлек, бірақ, ниеті бір жандар. Жүрегі кең қазақ халқы қиын кезде талай ұлт өкілдерінің жанына демеу, қолтығына сүйеу бола білді. Кезінде тағдыр тауқыметіне түскен жандар мен олардың ұрпағы қазір тәуелсіз Қазақстанда қазақ халқымен бірге бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр әрі еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек

 

Бұдан әрі оқыңыз

Петропавлда 600-ден астам ескі ағаш кесуді қажет етеді
Петропавлда бос орындар жәрмеңкесі өтті
Уақытында тазаланбаған қардың салдары
Бас партия өкілдері қоғамдық орындарда мониторинг жүргізуде
Тұтынушы құқығы – басты назарда
Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жүргізілуде