Денсаулық сақтау

Облыстық көпбейінді ауруханада жатыр миомасынна тіліксіз ота жасалады

Былтырдан бастап облыстық көпбейінді ауруханада жатыр миомасына тіліксіз ота жасай бастаған. Өткен жылы мамандар мұндай 24 операция өткізген екен. Ал бүгінге дейін бұл көрсеткіш 15-ті құрап отыр. Бастама заманауи ангиограф қондырғысының арқасында жүзеге аырылуда.

Миома – жатыр бұлшық етінің қабатында орналасқан қатерсіз ісік. Дерт әйел адамдарда 26 мен 56 жас аралығында кездеседі. Бұл – жергілікті дәрігерлердің айтуы бойынша. Татьяна Петровада жатыр миомасы 10 жыл бұрын пайда болған. Көлемі жыл сайын ұлғайып отырған. Аурудың белгілері жақында ғана біліне бастапты. Бел мен жамбас тұсы ауырған. Нәзікжанды дәрігерлерге жүгінеді. Мамандар жатырды алып тастауды ұсынған немесе ота жасап, ісіктің көлемін кішірейтуге болатындығын айтқан. Татьяна Петрова соңғы аталған әдісті таңдаған.

Татьяна Петрова:

– Ісіктің көлемін кішірейту үшін арнайы ота жасатуды шештім. Себебі, операция тіліксіз жасалады әрі оңалтудан тез өтесің. Операция күні кеше ғана жасалды. Қуанышқа орай, бәрі сәтті өтті. Жағдайым жақсы. Дене қызуым ғана сәл көтеріліп тұр. Алайда, бұл – қалыпты жағдай дейді.

Татьяна Петрова операция кезінде ояу жатқан. Бұл отаның ерекшелігі де осында. Яғни, операция алдында наркоз салынбайды. Тек қана ауыруды сездірмейтін дәрі беріледі. Ал жатыр миомасы мен қуықасты безін эмболизациялау кезінде арнайы препарат қолдың тамыры арқылы жіберіледі.

Сергей Руцкий – облыстық көпбейінді аурухананың радиолог-дәрігері:

– Жатыр миомасы – гинекологиялық аурулардың ішінде жиі кездесетіндерінің бірі. Егер ісікті жоймаса адам жас болса кейін сәби көтере алмай қалуы мүмкін. Бұл ретте эмболизациялау арқылы жаңағы ісік кішірейеді. Ал ағзаға енгізілген арнайы препарат миоманың қайта өсуіне жол бермейді.

Ота 20-40 минутқа жалғасады. Нәтжиесінде, миоманың өспейтіндігіне дәрігерлер 95 пайыз кепілдік беріп отыр. Айта кеткен жөн, жыл басында облыстық көпбейінді ауруханаға су жаңа ангеограф жеткізілген еді. Оның көмегімен жіңішкелігі иненің ұшындай ғана тамырларды жіті зерттеуге мүмкіндік бар. Әрі заман игілігі бейнені ап-анық қылып көрсетеді. Осыдан жергілікті дәрігерлерге ота жасау жеңілдей түсетінін аңғаруға болады.

Сергей Руцкий – облыстық көпбейінді аурухананың радиолог-дәрігері:

– Жатыр миомасы бойынша операцияны бұрын қаладағы кардиология орталығында жасап отырдық. Отаның бұл түрі облыстық көпбейінді ауруханада тек тамызда ғана пайда болды. Бізге елордалық мамандар келіп, аталған отаны жасаудың қыр-сырын үйретті.

Жалпы, өткен жылдың тамызынан бері облыстық көпбейінді ауруханада жатыр миомасын эмболизациялау бойынша 40-қа жуық ота жасалған. Операциялардың барлығы сәтті өтті.

Жанна Бисенова