Құқық қорғау органдары

СҚО-да былтыр есірткіге қатысты 200-ге жуық факті тіркелген

Өңірдің сот практикасында алғаш рет  синтетикалық есірткіні интернет арқылы жарнамалаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 29 жастағы жігіт бұл әрекеті үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы полиция қызметкерлері онлайн-брифинг барысында айтты.

Тікелей эфир инстаграм және фейсбук парақшаларында өтті. Полиция қызметкерлері есірткімен күрес бойынша атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, өткен жылды қорытындылады. Тағы қазіргі кезде аталған зиянды заттың көп таралған түрлеріне тоқталып өтті. Былтыр облыс бойынша есірткіге қатысты 200-ге жуық факті тіркелген.

Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Заңсыз айналымнан 462 келіден астам түрлі есірткі заттары алынды. Және синтетикалық есірткі таратумен айналысқан 6 интернет-дүкен анықталды. Өңіріміздегі сот практикасында алғаш рет синтетикалық есірткіні ғаламторда жарнамалаумен айналысқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қашықтықтан оқуға көшірілгелі бері ұл-қыздар уақыттарының басым бөлігін гаджеттермен өткізуде. Осы орайда полицейлер тұрғындарды балаларын жіті қадағалауға шақырды. “Олардың қандай сайтта отыратындарын қарап, көңіл бөлу қажет”,- дейді тәртіп сақшылары.

Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Егер ата-ана баласын қадағаламаса, арты қиындыққа әкеліп соғуы мүмкін. Жастар – ел болашағы. Сол себепті, бұл мәселеге бейжай қарамайық.

Жалпы, үстіміздегі жылы облыс аумағында есірткіге қатысты 36 факті анықталған.

Алдияр Айтпаев