Көлік және жолдар

Петропавлдағы сапаржайдың тағдыры не болмақ

Пандемияға байланысты 10 ай бойы дұрыс жұмыс істей алмаған қаладағы автовокзалдың жағдайы / қазір мәз емес. Карантиннің салдарынан сапаржайдағы рейс саны – 5 есеге, ал жолаушылар саны 4 есеге қысқарған. Бүгін “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің алдында сапаржайдың тағдыры талқыланды.

Қалалық автовокзалға пандемияға байланысты наурыз айында жұмысын тоқтатуға тура келген. Араға 9 ай салып жұмысы қайта жанданды. Бірақ, бәрі бұрынғыдай емес екені анық. Себебі, көктемнен бері сапаржай қарызға белшеден батып, дағдарысқа ұшыраған. Қазірдің өзінде шығын көлемі 10 млн теңгені құрап отыр.

Александра Сысоева – Петропавл сапаржайының директоры:

– Шығынның басым бөлігі коммуналдық қызмет ақысына қатысты. Қызметкерлер саны басында 51 болып еді, 28-ге дейін қысқарттық. Оларға 42 500 теңгеден жалақы төлейміз. Бұрын біз күніне 1400 жолаушыны тасымалдайтынбыз, қазір бұл көрсеткіш 4 есе кеміді. Жағдайымыз мәз емес.

Автовокзалдың қалтқысыз жұмыс істеуі үшін күніне 140 рейс жасалуы керек. Бүгінде бұл көрсеткіш небәрі 30-ды ғана құрап отыр. Себебі, тасымалдаушылардың дені жұмысын тоқтатып, бірқатар бағыттағы рейстер мүлде жойылған. Карантиннің қыспағында отырған кәсіпкерлер банкроттықтың алдындамыз дейді. Тығырықтан шығу үшін басшылық ақпан айында автовокзалды 400 млн теңгеге сатылымға қойған.

Александра Сысоева – Петропавл сапаржайының директоры:

– Біз Қаржы министрлігінің көмегіне жүгініп, пандемия кезінде бізге салынатын салықты тоқтата тұруға немесе көлемін шегеруге өтініш білдірген едік. Алайда, проблема шешілмеді. Дәл осындай жағдай қазір Көкшетау мен Павлодар қалаларында туындап отыр.

Автобустардың біразының жұмыс істемейтінін ескере отыра, жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын жандар қатары көбейген. Бір бөлігі клиенттерін интернет арқылы тапса, қалғаны жаңағы автовокзалдың дәл маңында тұрып іздесе керек.

Заңсыз тасымалдаумен айналысатын жандардың қызметі автобустардан қымбаттырақ екені анық. Мәселен, дәл сол “inDriver” арқылы Сергеевкаға жету 2 жарым мың теңге тұрады. Ал автовокзал арқылы – 1300 теңге. Тек осы бағытта автобус жоқ. Сондықтан, халық біріншісін таңдауға мәжбүр. Бұл ретте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері тасымалдаушыларға төленетін субсидия көлемін арттырамыз деп отыр.

Қанат Бейсенов – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:


–  Өткен жылы біз жолаушы тасымалдаушыларға 200 млн теңге көлемінде субсидия төледік. Пандемияға байланысты биыл бұл соманы 2 есеге арттырамыз. Ақшаны өңірдегі 35 тасымалдаушыға беруді көздеп отырмыз. Нәтижесінде, бірқатар бағыттағы рейстер қайта жанданып, сатылған билет құнының тиісті пайызы автовокзал қорына бағытталады. Ал автовокзалдың өзін субсидиялауға заң бойынша құқығымыз жоқ.

Қанат Бейсеновтың сөзінше, субсидия көлемін арттыру арқылы сапаржай қорына 45 млн теңге көлемінде ақша түспек. Тағы, жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық өкілдері нысан аумағындағы автотұрақты ақылы ету жайлы ұсыныс тастады. Бұл сұрақтардың барлығы қалалық әкімдікке бағытталып, алдағы уақытта қарастырылатын болады.

Жанна Бисенова